Қазақстанда ЖРВИ және тұмаудың 400-ге жуық оқиғасы тіркелген - өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,7 есеге төмен

Бүгінгі таңда ЖРВИ және тұмаудың 394 269 оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (2010 жылы - 695 661 жағдай) 1,7 есеге төмен.
Сырқаттанушылықтың көтерілуі Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында тіркелген.
Науқастардың негізгі үлесі туғаннан бастап 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, олардың үлес салмағы 69,8%-ды құрайды.
Ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмаудың 21 жағдайы тіркелді (Астана қаласында - 15, Шығыс Қазақстан облысында - 3, Солтүстік Қазақстан облысында - 2 және Қызылорда облысында 1 жағдай).
Тұмауға қарсы 848 067 адам егілді, вакцинадан кейінгі асқынулар анықталған жоқ. ЖРВИ және тұмаудан болған өлім-жітім жағдайы тіркелген жоқ.
«Астана және Алматы қалаларында 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарына қатысушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру және бақылау жөніндегі жоспарды бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы шықты.
Азия ойындарына қатысатын елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты мониторингі жүргізіледі.
Азия ойындарына қатысушыларының іс-шара жүргізу және тұру орындарында жедел кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету бригадаларының және медицина қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігін жүргізу үшін медицина пункттерінің жұмысы ұйымдастырылды. Медицина пункттері қажетті дәрі-дірмектермен, медициналық жабдықпен, құрал-жабдықпен, жиһазбен және телефон байланысымен қамтамасыз етілді.
Инфекциялық ауруханаларда қосымша резервтік палаталар құрылды. Астана, Алматы қалаларының әуежайлары мен вокзалдарының, қонақүй кешендерінің, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының санитарлық-гигиеналық жағдайына бақылау күшейтілді.
Астана мен Алматы қалаларының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары шұғыл диагностикалауға арналған аспаптардың, тест-жүйелерінің және диагностикумдардың жеткілікті санымен қамтамасыз етілді.
Одан басқа, медициналық көмек көрсету үшін басқа өңірлерден қосымша қызметкерлер жұмылдырылды.
Әуежайларда Азия ойындарына келетін адамдардың дене қызуын өлшеуге арналған тепловизорлардың қажетті саны орнатылды.
Азия ойындарына қатысушыларға қызмет көрсететін жүргізушілердің сапар алдындағы медициналық тексеруден өтуі қамтамасыз етілді.