Қазақстанда жүкті әйелдерді скринингпен қамту 10% өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Ұрық патологиясын ерте анықтау үшін биыл жүкті әйелдердің 87%-ы перинаталдық скринингтен өтті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға жоғары. Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтып берді.
«Бүгінгі таңда 270 мыңға жуық әйел жүктілік бойынша есепте тұр. Олардың 61%-ы ұсынылған ерте мерзім – 10 аптаға дейін есепке алынды. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 40%-дан төмен болған», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, репродуктивті жастағы және анемиясы бар жүкті әйелдерге құрамында темір бар препараттар республикалық бюджет есебінен беріледі.
Перинаталдық скрининг жүргізудің қолжетімділігін жақсарту және жүкті әйелдерге жайлылық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ету үшін еліміздің 10 өңірінде «Бір күндік клиника» жобасы іске асырылуда. Онда жүкті әйелдер бір күнде тексеруден өтіп, ұрықтың жағдайы туралы ақпарат ала алады.
Айта кетейік, елімізде босану саласында 5 мыңнан астам акушер-гинеколог және 9 мыңнан астам акушер жұмыс істейді, олар жыл сайын орта есеппен 400 мың жүкті әйелді босандырып, бақылайды.
Қазақстанда барлығы 6 республикалық орталық, 26 балалар ауруханасы және 66 балаларды оңалту орталығы медициналық көмек көрсетеді.
Инфрақұрылымды дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында перинаталдық орталықтар мен балалар клиникаларын қамтитын көпбейінді ауруханалар салуға басымдық берілген.