Қазақстанда жұлын майының донорлары өте аз - Донорлар тізбесінің жетекшісі

Алайда, өкінішке орай, Қазақстан Республикасында жұлын майының донорлары өте аз. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихаты барысында жұлын майы донорлары және трансплантацияны дамыту жөніндегі Ұлттық тізбенің жетекшісі Дулат Имашбаев мәлім етті.
«Жыл сайын Қазақстанда қанның қатерлі ісігіне шалдыққан 300-ге жуық науқас гемопоэтикалық клеткалардың трансплантациясына мұқтаж. Олардың тең жартысы балалар мен жасөспірімдер. Алайда, Қазақстан Республикасында жұлын майының донорлары өте аз. Елімізде тек 5000-ға жуық адам ғана қанның қатерлі ісігіне шалдыққан адамдарды құтқару үшін өздерінің клеткаларын донорлыққа тегін ұсынады»,-дейді Ұлттық тізбенің жетекшісі.
Д.Имашбаев жұлын майы онкологиялық сырқаты бар адамдардың, әсіресе, бар өмірі әлі алдағы сәбилер мен балалардың өмірін ұзартады, тым болмағанда, дертін тежейді деген пікірін айтты.
«Жұлын майын ауыстырған соң созылмалы лейкозбен ауыратын балалардың 63 пайызының, созылмалы миеломоноцитті лейкозға шалдыққан балалардың 39 пайызының өмірі бес жылға созылады. Ал, бұрынғы әдіс, яғни, химиятерапия арқылы емдеген кезде науқастардың тек 18 пайызының ғана беті бері қарайды»,-деп түсіндірді маман.
Донорлардың аздығы қолбайлау болып отырған соң, жұлын майы донорлары және трансплантацияны дамыту жөніндегі Ұлттық тізбе орталығының мамандары халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орната бастаған.
«Биыл біздің орталық Павлов атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік медицина университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, Германиядаға атақты Стефан Морштың «іздеу тізбесінің» аккредитациялық желісі арқылы басқа да халықаралық донорлар тізбесімен іскерлік байланыстар орнатуды көздеп отырмыз»,-дейді Д.Имашбаев.
Күнімжан Жанат