Қазақстанда жұмыртқа өндірісі 7,5%-ға өсті: 10 айда 4 млрд данадан астам өнім өндірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы 10 айында 4 млрд-тан астам тауық жұмыртқасы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға көп. Өндіріс көлемін арттыру үшін Шығыс Қазақстанда 5,5 млрд теңгелік жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Ведомствоның дерегінше, өндірілген өнім көлемі халықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Жұмыртқа өндірісі негізінен Ақмола, Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында қарқынды дамуда.
Отандық өндірісті одан әрі ұлғайту аясында Шығыс Қазақстан облысында «Altai Qus» құс фабрикасын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру басталды.
Жобаның инвестициялық көлемі 5,5 млрд теңгені құрайды, ал жобалық қуаты жылына 150 млн дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар халықтың тауық жұмыртқасына деген қажеттілігінің 30%-ын қамтамасыз етеді. «Altai Qus» жобасы толық қуатына шыққаннан кейін өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 109%-ға жетеді.
Жоба аясында автоматтандырылған өндірістік желілер, цифрлық басқару жүйелері және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін заманауи жабдықтар енгізіледі. Сонымен қатар 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі құс шаруашылығындағы инвестициялық белсенділікті ынталандыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау және жаңа өндіріс орындарын іске қосу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Еске сала кетейік, Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге екі айға тыйым салынды.