Қазақстанда жұмыртқадан тапшылық болмайды, резервіміз жеткілікті — вице-министр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазақстанда қазіргі күні құс жұмыртқасын өндіретін 32 фабрика бар. Олар былтыр 5 млрд данаға жуық өнім берген.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Павлодар облысына жұмыс сапары аясында отандық нарықтағы құс жұмыртқасының қазіргі жай-күйі жайында ой бөлісті.
Оның айтуынша, Қазақстанда тауық жұмыртқасы бойынша ешқандай тапшылық жоқ.
— Отандық нарықта құс жұмыртқасы барынша жеткілікті екені байқалып отыр. 2022 жылы отандық өндірушілер 5 млрд дана, былтырғы жылдың алғашқы 11 айында 4,9 млрд дана жұмыртқа өндірген. Жұмыртқаның бұл көлемі елдегі сұраныстың 102 пайызын құрайды. Яғни, кәсіпкерлердің қолында сыртқа шығаруға арналған артық өнім бар деген сөз. Оның үстіне қазір еліміз бойынша 10 құс фабрикасының (жұмыртқа бағытында) құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта біздің министрлік мұндай өндірістік кәсіпорындар жоқ Ұлытау, Жетісу, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында 25 пайыздық инвестсубсидия енгізуді жоспарлап қойды. Өткен жылдың алғашқы 11 айында өндірушілеріміз сыртқа 264 млн дана жұмыртқа экспорттаған. Егер отандық нарықта шын мәнінде жетіспеушілік болса, біз әкімшілік амал қолданып оған жол бермес едік. Тек Ауғанстанға 10 ай ішінде 115 млн дана жұмыртқа жіберіппіз. Жалпы Ресей, Ауғанстан және өзге де елдерге экспортталып жатыр, -дейді вице-министр.
Агроөнеркәсіп кешенінде 34 бройлер типіндегі және 32 жұмыртқа бағытындағы фабрикалар бар.
Инвестициялық субсидиядан бөлек, кәсіпкерлерге бір күндік балапан сатып алғаны үшін 60 теңгеден демеуқаржы төленеді.
Бұған қоса алдағы айларда жұмыртқа өндіру бойынша ішкі резервтер іске қосыла бастайды деп күтілуде. Бұл дегеніміз — бұған дейін тоқтап қалған фабрикаларды қайта жүргізу.
— Қазақстан бойынша жұмыртқа өндіріп келген 5 фабриканың жұмысы тоқтап тұр. Біз ертеңнен бастап олардың мәселесін талқылауды бастаймыз. Әрқайсысының тоқтау себебін анықтап, тезірек іске қосылуына мүдделіміз. Егер қаражат тапшылығынан тұрып қалған болса, бюджеттен қаржы беріледі. Кейбір кәсіпорындар жергілікті нарықта жұмыртқаның көбейіп кетуінен тежеліп қалған болуы мүмкін. Мұндай өндіріс орындарына жұмысын қайта жаңғыртуға жағдай жасалады. Қазір жұмыртқаның бағасы өсті, оның босату құны кәсіпкерлер үшін тиімді. Осындай резервтер есебінен алдағы уақытта Ресей еліне жұмыртқа экспортын жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Ал өзіміздің нарықта тапшылық қалыптаспайды, бізде қор жеткілікті, — деп нақтылады спикер.
Айтып өтейік, ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағытындағы құс фабрикаларының да қайта жандануына ықылас танытып отыр.
Павлодар облысында бұған дейін Қызылжар құс фабрикасы тоқтап қалған еді.
Жақын уақытта мемлекет қолдап жіберсе, кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгіруі ғажап емес.