Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың жартысына жуығы ресейлік – Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өткен брифингте екі арадағы инвестициялық байланыстардың негізгі көрсеткіштерін атады.

инвестиции
Коллаж: Kazinform

«Алдағы екі жылда өзара сауданың көлемін 30 миллиард доллардан асыра алатынымызға сенімдімін. Қазақстан экономикасына тартылған ресейлік инвестицияның көлемі 24 миллиард доллардан асты. Осы соманың 4,5 миллиард доллардан астам бөлігі кейінгі екі жылда ғана салынды. Ресей экономикасына бағытталған қазақстандық инвестиция көлемі 8,5 миллиард доллар болды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанда Ресейдің үлесі бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейтінін еске салды.

«Бұл біздің елде жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындардың жартысына жуығы деген сөз. Осынау көрсеткіштер біздің стратегиялық қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға деген сенім мен өзара қызығушылықтың деңгейі жоғары екенін айғақтайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.