Қазақстанда жұмысшы мамандар жетіспейді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев елімізде қандай мамандар ең көп сұранысқа ие екенін айтып берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Бірінші кезекте жұмысшы кадрлар жетіспеушілігі бар, бұл үрдіс әлі де сақталуда. Бұған кәсіптік білім беру мен колледж түлектерін жатқызуға болады. Сондықтан біздің басты назарымыз – жұмысшы санаттарының қалай дайындалатынына байланысты болады», - деді Олжас Ордабаев елордада «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы» атты халықаралық конференция кулуарында.
Сонымен бірге, вице-министр бүгінгі форумда келешектегі экономика үшін кадрлар қалай дайындалатыны, халық үшін сапалы жұмыс орындары қалай құрылатыны, еңбек нарығының инфрақұрылымы қалай жұмыс істейтіні талқыланатынын атап өтті.
«Бұл ретте мансап орталықтарын, электронды еңбек биржасын айтуға болады. Яғни, еңбек нарығына шығатын жастардың жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы байланысты қамтамасыз ету жолдары туралы сұранысқа ие дағдылар алу үшін осы тетіктердің қалай үйлесімді жұмыс істеуі керектігі қаралады», - деп толықтырды вице-министр.
Айта кетейік, елордада «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы: сын-тегеуріндер, жаңартулар және перспективалар» атты халықаралық конференция өтіп жатыр. Онда отандық және шетелдік сарапшылар әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, жаһандық еңбек нарығының даму үрдістерін, сапалы жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін және оларға бизнес-ортаның әсерін, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы қажетті өзгерістерді, сондай-ақ әлемде адами капиталды дамыту мәселелері талқыланады.