Қазақстанда жүрдек пойыздарға икемді баға белгілеу жүйесі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі 2015 жылдың 8 сәуірінен бастап №1/2 Астана-Алматы және №701/702 Алматы - Петропавл бағыттары бойынша 2015 жылдың 22 мамырынан бастап сапарға шығатын «Тұлпар-Тальго» пойыздарына тарифті басқарудың икемді бағдарламасын енгізетінін хабарлайды.

Қазақстанда жүрдек пойыздарға икемді баға белгілеу жүйесі енгізіледі

Бұл бағдарлама билетті сатып алудың неғұрлым ұзақ мерзімі (сатылымның тереңдігі) мен оған деген сұранысқа (пойыздың қаншалықты толуына) қарай өзгеріп отырады. Мәселен, билетті алдын ала сатып алған жолаушы билеттің базалық бағасынан 35 пайызға дейін жеңілдікке ие бола алады.

Пойыздың жүру уақыты жақындаған сайын билет бағасының өсе түсетінін де айта кету керек.

Сондай-ақ, тарифті басқарудың икемді бағдарламасы төмендегі «Тұлпар-Тальго» пойыздарына да енгізілген: 19/20 Астана-Атырау, 35/36 Алматы-Шымкент №49/50 «Алматы-Ақтөбе», №67/68 «Астана-Защита («Өскемен»), №69/70 «Алматы-Защита («Өскемен»), №77/78 «Алматы-Атырау», №79/80 «Астана-Шымкент», №87/88 «Ақтөбе-Астана», №89/90 «Астана-Қызылорда».

Мүмкіндіктері шектеулі адамдар мен оларды ертіп жүрген тұлғаларға аталмыш бағдарлама жүрмейді, мұндай арнайы орындарға базалық тарифтің 50 пайызы көлемінде жеңілдіктер қарастырылған.

Бұдан бөлек әрбір санаттағы жолаушыларға 10 пайыздан 20 пайызға дейін жеңілдіктері бар келесі дисконттық карталар қарастырылған:

«Құрмет» - 60 жас пен одан ересек адамдар үшін, жеңілдік көлемі - 10%;

«Жастар» - 16-25 жас аралығындағы жастар үшін, жеңілдік көлемі - 10%;

«Саяхатшы» - жүрдек пойыздарда соңғы 12 айда төмендегідей бағаға сапарлаған тұрақты жолаушылар үшін:

* 100 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін, жеңілдік көлемі - 10 пайыз;

* 150 001 теңгеден 200 000 теңгеге дейін, жеңілдік құны - 15 пайыз;

* 200 001 теңгеден жоғары, жеңілдік көлемі - 20 пайыз.