Қазақстанда жүрегін алғаш ауыстырған адам праймеризге қатысады
«Мен праймеризге қатысамын. Nur Otan партиясының партияішілік праймеризі қоғам белсенділері үшін партия тізімінде болу ғана емес, өзекті мәселелерді шешу мақсатында қолдануға болатын керемет мүмкіндік. Үгіт-насихат жүргізу және кездесу ұйымдастыру барысында негізгі мәселелерді талқылап және оны шешу мүмкіндігі болады», - деп жазды Жәнібек Оспанов Facebook парақшасына.
Жәнібек Оспанов 2012 жылы 8 тамызда жүрегіне трансплантация жасаған. Қазіргі уақытта ол пациенттік ұйымның басшысы және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігімен айналысады.
«Бәріміз медициналық қызмет түрін алушылармыз. Медициналық қызметкерлерге, МӘМС-ке, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, салауатты өмір салтын насихаттауға, оңалту жұмыстарына қатысты шешімін табуы керек мәселелер жетерлік. Адамдардың медицинаға деген сенімін қайтару өте маңызды. Аталған мәселелер еліміздегі медицина саласының дұрыс дамуына кедергі келтіреді. Шын мәнінде елімізде бұл саланы дұрыс дамытуға керектінің бәрі бар», - дейді Жәнібек Оспанов.
Ол денсаулықтың қадірін жақсы білетінін айтты.
«Әртүрлі ауруға шалдығып және оны жеңгендіктен мен денсаулығым мен өмірімнің қадірін жақсы білемін. Осы себепті елімізде медицина саласының дамуына бар күшімді салғым келеді», - дейді ол.
Еске сала кетсек, биыл 5 маусымда Nur Otan партиясының праймериз өткізу ережесі жарияланған болатын.