Қазақстанда жүргізушісіз көліктердің жолға шығу тәртібі белгіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жүргізушісіз жүретін көліктерге қатысты жол ережелері толықтырылды. Енді мұндай көліктер тек алдын ала белгіленген жолдармен жүріп, қашықтан бақылап отыратын оператордың басқаруында болады. Жаңа талаптар 20 қарашадан бастап күшіне енеді.
Ішкі істер министрінің 3 қарашадағы бұйрығымен Жол қозғалысы қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, велосипед, мопед, көлік құралы және шағын электр көлігі ұғымдары нақтыланды.
Жаңа қағида бойынша, шағын электр көлігіне гироскутер, сигвей, электрлі скейтборд пен монодөңгелек жатады. Ал электрлі самокат пен электр қозғалтқышы бар велосипед бұл санатқа кірмейді.
Елді мекендерде жеңіл көліктер сағатына 60 шақырымнан, автобустар мен жүк көліктері 50 шақырымнан артық жылдамдықпен жүрмеуі керек. Тұрғын аймақтар мен аулаларда сағатына 20 шақырымнан асыруға болмайды. Жол белгісінде өзгеше шектеу көрсетілсе, сол талап сақталады. Дегенмен ең жоғары жылдамдық сағатына 90 шақырымнан аспауға тиіс.
Электрлі самокатпен велосипед жолымен немесе арнайы жолақпен жүру қажет. Ондай жол болмаса, жолдың оң жақ шетімен, қоғамдық көлік жолағымен немесе жол жиегімен қозғалуға рұқсат етіледі.
Шағын электр көлігін тізгіндегендерге де бірқатар шектеу қойылған. Атап айтқанда, рөлі бар көлікті кемінде бір қолмен ұстап жүру керек. Жолаушы немесе жүк тасуға, көлік жүретін жолға шығуға, көлікті сүйреуге болмайды. Жанында велосипед жолы болса, тротуармен жүруге де рұқсат жоқ. Жаяу жүргіншілер өткелінен көліктен түспей өтуге болмайды.
Жүргізушісіз көліктер қайда жүреді?
Жаңа ережеде жүргізушісіз көліктерге арналған жеке тарау бар. Оған сәйкес, мұндай көліктер тек арнайы белгіленген аумақта қозғала алады. Ол аумақтың шекарасы мен көлік жүретін бағыты алдын ала бекітіледі.
Қозғалыс бағытын жолға жауапты мекеме немесе жергілікті атқарушы орган әзірлеп, жол қауіпсіздігіне жауапты органмен келіседі. Онда көліктің қай жолмен жүретіні, қай жерден кіріп-шығатыны, қайда тоқтайтыны және қандай жылдамдықпен қозғалатыны көрсетіледі. Көлік бұзылған немесе оператормен байланыс үзілген жағдайда қауіпсіз тоқтайтын орын да алдын ала белгіленеді.
Бағытты белгілеу кезінде жолдың жай-күйі, көлік қозғалысының жиілігі, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің орналасуы ескеріледі. Сондай-ақ жол белгілері мен бағдаршамдардың анық көрінуі және оператор мен көлік арасындағы байланыстың үзілмеуі маңызды.
Жүргізушісіз көлік белгіленген аумақтан шыға алмайды. Егер бағыты сол аумақтың шекарасынан асып кетсе, рұқсат етілген жерге тоқтауы керек.
Көлікті қашықтан оператор басқарады
Жүргізушісіз көліктің қозғалысын қашықтан оператор бақылап отырады. Ол көліктің белгіленген бағыттан ауытқымауын қадағалайды. Қауіп төнсе немесе көлікте ақау пайда болса, басқаруды өз қолына алып, оны қауіпсіз тоқтатуы керек.
Байланыс үзілген немесе жүйе істен шыққан жағдайда көлік жылдамдығын азайтып, апаттық шамдарын қосады да, қауіпсіз жерге тоқтайды. Ақау жойылып, жол жүруге қауіпсіз болғанда ғана қозғалысын жалғастыра алады.
Жүргізушісіз көлік те жолдағы өзге көліктер сияқты бағдаршамға, жол белгілері мен таңбаларына бағынуы керек. Қиылыстан өту, бұрылу, басып озу, тоқтау және тұраққа қою тәртібін де сақтауға міндетті. Арнайы жарық және дыбыс дабылын қосқан жедел қызмет көліктеріне жол беруі тиіс.
Полиция немесе көліктік бақылау қызметкері тоқтауды талап етсе, оператор көлікті көрсетілген жерге тоқтатуы керек. Нақты орын көрсетілмесе, қауіпсіз әрі тоқтауға рұқсат етілген жақын жерге тоқтатады.
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда көлік тоқтап, апаттық шамдарын қосады. Оператор бұл туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлап, оқиға орнын нақты көрсетуі керек. Зардап шеккендер болса, жедел жәрдем шақырады. Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға міндетті.
Айта кетейік, жаңа талаптар 2026 жылғы 20 қарашадан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Астана, Алматы және Қосшыда жүргізушісіз жүретін көліктер сынақтан өтетіні туралы жазған едік.