Қазақстанда жүзу сабақтары мектеп бағдарламасына енгізілуі мүмкін - ҚР ТЖМ
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым министрліктері мен Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі міндетті мектеп бағдарламасына «Дене шынықтыру» пәні аясында жүзу сабақтарын енгізу мәселесін талқылап жатыр.
Бұл туралы рrimeminister.kz сайтына берген сұхбатында Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаменті директорының орынбасары Алексей Советов мәлім еткен.
«Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігімен, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігімен бірге жүзу сабақтарын міндетті бағдарламаға енгізу мәселесі қаралуда», - деді А. Советов.
Оның атап өтуінше, өткен жылдан бастап министрлік балаларды жүзуге үйрету бойынша жұмысты бастап кеткен. 2012 жылы 12,5 мыңнан астам бала суда жүзуді үйренген. Оған қоса су қоймаларының жанында орналасқан 200 балалар лагері ерекше бақылауға алынды.