Қазақстанда жыл аяғына дейін балабақшаларда қосымша 24 500 орын ашылады - ҚР Білім және ғылым министрі
АСТАНА. Қарашаның 21-і. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл соңына дейін балабақшаларда 24 500 қосымша орын ашылады. Бұл туралы Үкімет үйіндегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелеріне қатысты өткен селекторлық кеңесте ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев баяндады.
Мектепке дейінгі мекемелер желісін дамыту мәселелері бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Мұқашев баяндама жасады.
Баяндамашылар Астана және Алматы қалаларында және елде мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерін және қосымша орындарды ашуға бағытталған қысқа мерзімді және ұзақмерзімді сипаттағы қолға алынған шаралар туралы баяндады.
Ж.Түймебаевтың ақпараты бойынша, 2010 жылы республикада тағы 74 300 орындық мектепке дейінгі балалар мекемелері ашылмақ.
Бүгінгі таңда министрлік мектепке дейінгі балалар мекемелері үшін лицензия алуды оңайлатуды көздейтін Үкімет қаулысының жобасын жасады және ол қазір мемлекеттік органдарда келісуден өткізілуде. Министрдің бұйрығымен меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты орналастыру әдістемесі бекітілді.
Қазірде мемлекеттік органдар орналасқан бұрынғы балабақша ғимараттарын босату жөнінде шешім қабылданды. 2010 жылы «Жол картасы» ауқымында білім беру нысандарын жөндеуде мектепке дейінгі мекемелерге басымдық берілмек.
Астана қаласы әкімінің орынбасары С.Хорошун қолға алынған шаралардың нәтижесінде Астана қаласында 2009 жылдың соңына дейін қосымша 980 орындық 9 мектепке дейінгі мекемелер іске қосылатынын баяндады.
Бұдан басқа селекторлық кеңесте Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарының озат тәжірибесі қаралды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен елорда әкімдігі ұсынған шараларды талқылағаннан кейін, сондай-ақ кеңеске қатысушылардан түскен ұсыныстар бойынша жауапты адамдарға бірқатар тапсырмалар берілді.