Қазақстанда жыл басынан бағалар қанша пайызға қымбаттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанда инфляция 4,2 пайызды құрады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда жыл басынан бағалар қанша пайызға қымбаттады

Биылғы алты айда (2020 жылғы маусым 2019 жылғы желтоқсанға) азық-түлік тауарларына баға – 7,3%, азық-түлік емес тауарларына – 2,6%, ақылы қызметтерге 1,4% қымбаттаған.

Атап айтқанда, жыл басынан (2020 жылғы маусым 2019 жылғы желтоқсанға) бағаның қымбаттауы жемістерге – 21,2%, көкөністерге – 15,6%, жармаларға – 14,6%, қой етіне – 10,7%, құмшекерге – 10,6%, макарон өнімдеріне – 9,3%, сары майға – 8,9%, ұнға – 8,8%, ет өнімдеріне – 8,5%, жылқы етіне – 8,2%, сиыр етіне – 7,4%, мәйекті ірімшікке – 7,3%, мұздатылған балыққа – 6,1%, шайға – 5,9%, шошқа етіне – 5,5%, шұжық өнімдеріне – 5,4%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдеріне – 4,6%, пастерленген сүтке – 4,5%, қышқыл сүт өнімдеріне – 3,7%, нанға – 3,4%, сүзбеге 3,3% белгіленді.

Минералды және ауызсу – 6,8%, темекі өнімдері – 5,4%, салқындатылған сусындар 4% қымбаттады.

Керісінше, жұмыртқа – 3,6%, күріш – 2,7%, сөк 2,4% арзандаған.

Баға өсімі жуу және тазалау құралдарына – 5,8%, дәрі-дәрмекке – 5,6%, жеке қолданылатын тауарларға – 5,3%, тұрмыстық аспаптарға – 4,3%, автомобильдерге – 3,9%, құрылыс материалдарына 3,6% құрады.

Бензин 2,8% қымбаттаса, дизель отыны 3% арзандады.

Бағаның артуы сондай-ақ құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметтеріне – 10%-дан, денсаулық қызметтеріне – 3,4%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 2,6%, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне – 2,2%, кабельдік телевизия қызметтеріне 2% тіркелді.

Интернет желісіне қосылу үшін абоненттік төлем 2% жоғарылады.

Қала ішінде таксимен жол жүру ақысы – 5,2%, темір жолкөлігінде 3,7% қымбаттады, ал әуе көлігімен қатынау 1,7% арзандады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер ыстық суға – 7,7%, кәрізге – 6,2%, суық суға – 5,6%, орталықтан жылытуға 3,4% төмендеді, ал қоқыс шығаруға – 9%, электр энергиясына 2,2% өсті.