Қазақстанда жыл басынан бері жүргізушілерді дайындайтын 958 оқу ұйымында 226 мың адам жүргізуші куәлігін алды - ҚР ІІМ ЖПК

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - 13 қазан күні Алматы қаласында ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұловтың төрағалық етуімен ішкі істер органдары жол полициясы бөліністерінің 2011 жылдың 9 айындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындыларына және алға қойған міндеттеріне арналған көшпелі жедел кеңес өтті.

Қазақстанда жыл басынан бері жүргізушілерді дайындайтын 958 оқу ұйымында 226 мың адам жүргізуші куәлігін алды - ҚР ІІМ ЖПК

Жол полициясы комитетінің (ЖПК) баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеңеске аумақтық жол полициясы басқармаларының және ЖПБ тіркеу-емтихан бөліністерінің басшылары қатысты.

Кеңес барысында ЖПК-ның ұйымдастырушылық құрылымы қайта қаралды, жол полициясы көрсететін мемлекеттік қызметті оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілді, оның ішінде қызмет көрсетудің электрондық нысанын енгізу, көлік құралдарын басқару құқығын ұсыну процесін жетілдіру, «Бақылау» ААІЖ-ды фотобейнетіркеу жүйесімен және басқалармен біріктіру жөнінде жұмыстар жүргізілді.

ЖПК төрағасы Берік Бисенқұлов, өз баяндамасында көлік құралдары санының өсуі және қозғалыстың күрделенуі көлік жүргізушілерін дайындауда талаптарды арттыратынын атап өтті. Жыл басынан бері бір жылға дейінгі өтілі бар көлік құралдарын басқарған жүргізушілердің кінәсінен 362 ЖКО тіркелді, онда 73 адам қайтыс болып, 447 адам жарақат алды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда осындай ЖКО 14,2 %, қайтыс болғандар 21,7 % және жарақат алғандар 8,5 % өсті.

Қазақстанда бүгінгі таңда жүргізушілерді дайындайтын 958 оқу ұйымы бар, онда жыл басынан бері 226 мың адам білім алып, жүргізуші куәліктерін алды. Жүргізуші құрамын дайындайтын оқу ұйымдарына аса көңіл бөлу керектігін атап өту керек.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйелерін жетілдіру жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 15 шілдедегі № 461-ІV Заңға сәйкес, көлік құралдарының жүргізушілерін дайындау, қайта дайындау жөніндегі қызметті жүргізуге лицензия түрі қысқартылуға жатады. Осыған байланысты ЖПК аумақтық жол полициясы басқармаларымен және оқу ұйымдарымен бірлесе отырып, жүргізушілерді оқыту сапасына әсер ететін тетікті пысықтау, жүргізушілерді дайындайтын үлгілік бағдарламаны қайта қарау қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша жол полициясы бөліністері қызметінің тиімділігін арттыруға және одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды, алдағы кезеңге басымды міндеттер айқындалды.