Қазақстанда жыл сайын 17 мың бос жұмыс орны текке қалады - Т. Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын 17 мың бос жұмыс орны текке қалып жатыр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.
Еске сала кетейік, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Келісімнің бір бағыты - кәсіби стандарттарды белгілеу және соған сәйкес оқу стандарттарын өзгерту шаралары қамту.
«Жыл сайын елімізде 17 мыңнан астам бос жұмыс орны текке қалып отырады. Себебі оқу орындарын бітірген азаматтардың біліктілігі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келе бермейді. Бұл олқылық жұмыс берушілердің өздерін оқу процесіне атсалысуын белсендіру арқылы шешілуі мүмкін», деді министр Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, оқу орындарын бітірген азаматтардың білім деңгейлері сол оқу орындарының өздерімен анықталады. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл мәселемен жұмыс берушілер немесе арнайы белгіленген кәсіби ұйымдар айналысады. Осыған орай, ведомство басшысы елімізде дәл сондай ұйымдар құрылатынын мәлімдеді.