14:26, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанда жыл сайын 3 мыңдай сәби жүрек дертімен дүниеге келеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақстанда жыл сайын 3 мыңдай сәби жүрек дертімен дүниеге келеді. Қазірде елімізде 5 мыңнан астам бөбек жүрекке жасалатын операцияны қажет етеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «ЕМҚ» қоғамдық қорына сілтеме жасай отырып.
Қазақстанда білікті мамандар жеткілікті, алайда клиникаларда күрделі операцияларды жасайтын қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғылар тым аз. Қазірде балаларды жүрек кемістігінен емдейтін орталықтың бір жерде ғана емес, еліміздің бүкіл аймағы бойынша осындай ауруханалардың тұтас кешенін орналастыру қажеттігі туындап отыр. Өйткені, жүрекке жасалатын операциялардың маңыздылығы аса жоғары, сол себепті бір мекеме барлық емдеу шараларын атқаруға қауқарсыз.
Бүгінгі таңда аталған қиыншылықтарға орай, ауру балалар операция кезегін күтуге немесе шет елдерде емделуге мәжбүр.«Ерікті мейірімділік қоғамы» қоғамдық қоры «Балаларға өмір сыйла» атты акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Осы іс-шараның аясында сәбилерді емдеу мен операция жасауға қаржы жинау жүзеге асырылады. 2007 жылы акция кезінде 500 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаржы жиналып, Қазақстанның 75 баласына көмек көрсетілді.