Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады - статистика
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 29 қазан – Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Осыған орай, Алматы қалалық №7 клиникалық аурухана базасында невролог-дәрігер, терапевт, кардиолог, нейрохирургтардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиында инсультті диагностикалау мен емдеуге қатысты заманауи және өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
№7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемде өлім мен мүгедектіктің негізгі себебі болып отыр. Инсульттің кесірінен әлемде жылына 7 миллионға жуық адам көз жұмады. Статистика деректері бойынша Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады, оның 60% жуығы мүгедек болып қалады. Аурудың алғашқы 10 күнінде 5 мың адам көз жұмады. Инсульт алғандардың шамамен 70% көмекке мұқтаж. Науқастардың шамамен 10% ғана қалыпты өмірге, жұмысқа орала алады. Қан айналымы жүйесінің аурулары мүгедектіктің жоғары деңгейімен және адамның еңбекке жарамсыз болып қалуымен қауіпті. Әлеуметтік белсенді және еңбекке қабілетті жаста инсультпен ауырғандардың саны 60% асады.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инсультологы, №7 қалалық клиникалық аурухананың №1 инсульт бөлімінің меңгерушісі Жанна Дүйсембаеваның айтуынша, жылына 4 мыңнан астам алматылық инсульт алады. 2021 жылы Алматыда инсульттан 4428 адам емделді. №7 ҚКА инсульт орталығында инсульт алған 1960 пациентке емдеу жүргізілді. Күн сайын екі инсульт бөлімшесінде, тамырлы нейрохирургия бөлімшесінде және реанимация бөлімшесінде 90-ға жуық пациент ем алады.
Жанна Дүйсембаева атап өткендей, инсульттің басты себебі — ми-қан айналымының бұзылуы. Миға қанның баруы жартылай немесе толығымен тоқтайды. Бұл жағдайдың себебі тромб болса, онда бұл – ишемиялық, егер қан кету болса, онда – геморрагиялық инсульт.
Инсультке күдік болған жағдайда 103 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем бригадасын шақыру керек. Дәрігерлер келгенге дейін науқасты таза ауаға шығару қажет. Инсульттің алдын алу үшін қан қысымын бақылау, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, темекі шекпеу, алкогольді ішімдікерді шамадан тыс ішпеу, стрессік жағдайдан аулақ болу керек.
«Инсульт әйелдерге қарағанда ерлерде жиі кездеседі. Инсультпен ауыратын көптеген науқастарда дененің бір жағы ішінара немесе толық сал болып қалады, сөйлеудің бұзылуы, қозғалыс функциялары, когнитивті бұзылулар байқалады. Сондықтан пациенттерді оңалту шешуші рөл ойнайды. Терапия науқасқа когнитивті және қозғалыс функцияларын қайтаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оңалту терапиясы келесі бес жылда қайталануы мүмкін тағы бір инсультті алдын алуға көмектеседі. Алдын алу және уақтылы диагностикалау, уақытылы медициналық тексеруден және диспансерлеуден өту өте маңызды», - деп инсультологтың сөзін келтіреді №7 ҚКА баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Алматыда 5 инсульт орталығы жұмыс істейді.