Қазақстанда жыл сайын 9,5 текше шақырым су үнемделетін болады
«Алдағы уақытта біздің жұмыстарымыз көбейе түсетіндігі белгілі. Мемлекеттік бағдарламаны дайындау ісіне осы жүйеде жұмыс істейтін барлық салалар тартылып, олардың ұсыныстары ескерілді. Сондықтан сіздерді аталған мемлекеттік бағдарламаның бекітілуімен құттықтаймын», - деді жиынды ашқан ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров. Оның атап өтуінше, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу жұмыстарына мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және ғылыми ұйымдар, есімі елге танымал қазақстандық ғалымдар, ауыл шаруашылығы саласының, жобалау институттарының, халықаралық консалтингтік компаниялардың мамандары қатысқан. Оны әзірлеуге көптеген сараптамалық материалдар, атап айтқанда су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау сызбалары, мемлекеттік су кадастрының ақпараттары, География институты ғалымдарының бастамасымен жасалған ТМД аумағындағы теңдессіз «Қазақстанның су ресурстары» монографиясы пайдаланылған. Осыдан кейін министрлікке қарасты Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз, «Су бастамалары орталығы» ҚҚ-ның төрағасы Серік Ахметов сөз алып, мемлекеттік бағдарламаға қатысты өз ойларымен бөлісті. Келесі кезекте сөйлеген Су ресустары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев министрлікте аталған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы барысы жылына 2 мәрте талқыға түсетіндігін атап өтті. «Бұл бағдарламаның саяси, әлеуметтік және экономикалық маңызы зор. Ендігі уақытта оны дұрыс, сапалы әрі дер уақытында жүзеге асыру маңызды бола түседі», - деді И.Әбішев. Жиынды қорытындылаған министр Н.Қаппаров бағдарламаның орындалуына Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев жеке жауап беретіндігін баса айтты. «Мен сізге, Су ресурстары комитетінің төрағасы ретінде бұл бағдарламаны сауатты жүзеге асыруға жеке жауапкершілік жүктеймін. Жүзеге асыру сізге жүктеледі, ал біз барлығымыз көмектесетін боламыз», - деді министр. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы 4 сәуір күні Елбасы Жарлығымен бекітілген болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты - Қазақстанның су қауіпсіздігін су ресурстарын басқару тиімділігін көтеру арқылы қамтамасыз ету. 2014-2040 жылдар аралығында бағдарламаны жүзеге асыру үшін 8,2 трлн. теңге қажет. Оның 5,4 трлн. теңгесі республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін болады. Ал 2,8 трлн. теңгесі - бюджеттен тыс қаражат. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде елімізде жыл сайын 9,5 текше шақырым су үнемделетін болады.