Қазақстанда жыл сайын бес миллионға жуық адамға екпе жасалады

Еліміздің халықына ақысыз түрде вакциналар егу жүргізіліп келе жатқанына тоқталған ол: «Екпе жасаудың ұлттық күнтізбесіне сәйкес, 21 инфекциялық ауруға қарсы екпе жасалады. Жыл сайын біз бес миллионға жуық адамға екпе жүргіземіз, оның ішінде 1,4 миллионы - балалар. Оның арасында қызылшаға, дифтерия, палеомиелит, Б вирустық гепатиті және басқа да індеттерге қарсы», - деді.
Осы орайда вице-министр соңғы 20 жылда қызылшамен сырқаттану 59 есеге, эпидемиялық паратитке шалдығу 160 есеге, Б вирустық гепатитімен ауыру деңгейі 23 есеге төмендегенін сөз етті.
Мәселен, 1998 жылы Б вирустық гепатитіне қарсы вакциналау енгізілген кезде елімізде жыл сайын дертке шалдығудың 4 мың 800 оқиғасы тіркелген болса, бүгінде оның 200-ге жуық жағдайы, ал балалар арасында 2-ден 5-ке дейінгі оқиғасы кездеседі екен. «2002 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің елді палеомиелиттен таза, ал өткен жылы безгектен таза аумақ ретінде таныды», - деп түйді Е. Байжүнісов.