Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырынан 750 әйел қайтыс болады - ДСМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырына 1500 әйел шалдығып, 750 әйел осы аурудан қайтыс болады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен "Қазақстанда папиллома вирусына қарсы екпе бағдарламасы. Іске асыру жолдары" атты конференцияда Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Құлқаева айтты.
«Елімізде әйелдердің өлімі бойынша жатыр мойны обыры мен сүт безі обыры алдыңғы орындарды алады. Жыл сайын жатыр мойны обырына 1500 әйел шалдығып, 750 әйел осы аурудан қайтыс болады. Сонымен қатар бүгінде 10700 әйел диспансерлік есепте тұр", - деді Г. Құлқаева.
Оның айтуынша, жас әйелдердің бұл қатерлі дертке шалдығуы жылдан жылға көбейіп келеді. «Бұл мәселе Қазақстан үшін аса қауіпті. Мен әйелдерімізді жастары отыздан асқан соң міндетті түрде диагностикадан өтуге шақырамын», - деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, көз жұмған қазақстандықтардың ішінде онкологиялық аурулардан қайтыс болғандар екінші орынды алады.