Қазақстанда жылумен жабдықтау жүйесі қаншалықты жақсарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» мембағдарламасын жүзеге асыру барысында жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуы көрсеткіші 67 пайыздан 63 пайызға дейін қысқарды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Несиелеу мен субсидиялау тетіктері арқылы 2015-2017 жылдары 332 жобаны жүзеге асыруға 203 млрд теңге бағытталды. Бұл жобалар 3 208 шақырым жылу және сумен қамтамасыз ету, су бұру желілерінің құрылысына, 34 қазандық пен 16 су шаруашылығы нысандарына қарастырылған. Жалпы, 2015-2017 жылдары мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде 1 848 шақырым жылу және сумен жабдықтау, су бұру желілері, 21 қазандық мен 12 насостық станса құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Мембағдарлама аясында 2015 жылы бюджеттік несиелеу тетіктерімен 92 жобаны іске асыруға 60 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 250 шақырымға жуық инженерлік желілер салынды және қайта жасалды. Өткен жылы 1 733 шақырым желінің құрылысына есептелген 86 млрд 900 млн теңге сомасында 112 жоба іріктелінді. Бүгінде табиғи монополия субъектілерімен қаржы игеру көлемі 75,5 млрд теңге немесе бөлінген қаражаттың 87 пайызын құрады. Қалған 11,5 млрд теңге биылдың соңына дейін игеріледі», - деді вице-министр Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша комиссияның отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы бөлінген 48 млрд теңгеге 103 инвестициялық жоба іріктелініп алды, осы орайда 1 200 шақырымға тарта желілердің құрылысы мен қайта қалпына келтіру шаралары жоспарланып отыр. Қарастырылған қаржы екі жылдық несиелеу тетігіне сәйкес, 2018 жылдың соңына дейін игеріледі.

Склярдың атап өтуінше, 2016 жылдан бері Петропавл, Павлодар, Шымкент қалаларында 14 млрд теңгенің 18 жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестік туралы негізгі келісімдерді жүзеге асыру бойынша Үйлестіру кеңесімен жалпы сомасы 40,6 млрд теңгеге тағы 10 жоба мақұлданды. Аталған тетік коммуналдық кәсіпорындардың жарғылықты капиталын толықтыру арқылы тең қаржыландыруды қарастырады. Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық бюджеттен жобаларды іске асыруға 14 млрд 200 млн теңге бөлінуде.

«Аталған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуы деңгейі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 67 пайыздан 63 пайызға дейін қысқарды. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 53 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар