Қазақстанда жылына шамамен 18-20 мың студент заңгер мамандығын алып шығады - депутат Н. Турецкий

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда заңгерлерді даярлайтын 36 жоғары оқу орны бар. Олар жылына шамамен 18 мыңнан 20 мыңға дейін маман оқытып шығарады.

Қазақстанда жылына шамамен 18-20 мың студент заңгер мамандығын алып шығады - депутат Н. Турецкий

Бұл туралы бүгін Астанада «Құқықтық саясат тұжырымдамасы шеңберінде Қазақстанда құқықтық мәдениетті қалыптастыру проблемалары мен болашағы» деген атпен өткен республикалық конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Николай Турецкий мәлім етті.

«Мен Білім және ғылым министрлігіне елде заңгерлерді даярлайтын қанша ЖОО бар деп сұрау салдым. Ондай оқу орындарының саны 36-ға жетіпті. Министрліктің мәліметінше, олар жылына шамамен 18-20 мың заңгер оқытып шығарады», - дейді Н. Турецкий.

Дегенмен оқытудың сан жағы кемшін тартпайтындығын айтып қалған депутат, олардың сапасына келгенде іркіліп қалды.

«Практикаға келген студенттердің көбі мемлекеттік билік жүйесінің ең басты: заң шығарушы, атқарушы, сот билік тармақтарының негізгі позицияларын білмейтіндіктерін, қай орган қандай жұмыспен айналысатындығы жөнінде хабарсыз екендіктерін көрсетіп алды. Бұл заңгер мамандарын оқыту сапасы төмен дегенді білдіреді. Заңгер дипломы нағыз диплом болуы үшін, ЖОО-ны бітірген біздің заңгерлерді қайтадан біліктіліктерін арттыруға жіберуге мәжбүр боламыз», - дейді депутат.

Оның айтуынша, елдегі заңгердің кәсіби біліктілігі жөніндегі сұрақтар туындамас үшін білім беру үдерісін оңтайландыру ғана емес, сонымен қатар заңгер мамандығының беделі мен абыройын жоғарылату бойынша шаралар қолдану қажет.