Қазақстанда жылына жүрек талмасына шалдыққан 3000 ?ға жуық бала өмірге келеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанда жылына жүрек талмасына шалдыққан 3000-ға жуық бала өмірге келеді.
Бұл туралы бүгін Алматыда Қайырымдылық қорлары қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстандағы балалар кардиохирургиясы» атты басқосуда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Роза Қуанышбекованың айтуынша, бұл 3 мыңның 70 пайызы өмірге келген алғашқы жылы-ақ, 29 пайызы туғаннан кейін бір аптада өмірден өтеді. «Алматыда жылына 120-140 бала жүрек талмасымен өмірге келеді. Жалпы алғанда елімізде 5000 жуық бала осы аурумен ауырады. Бұл өте аянышты жағдай. Бұған тек қана операциялық көмек керек. Былтырғы жылы Алматы қаласында жүрек талмасына шалдыққан балалар саны артып отыр. Өткен жылы 25 балаға Ресейде, 8 балаға алыс шет елде операция жасаттық. Алайда бұл жеткіліксіз. Биылғы жылы 50-ге жуық баланы шет елге операция жасатуға жібермекпіз. Өкінішке орай, көптеген операциялар бала 1 жасқа толған соң жасалады. Бұл тиімді бола бермейді», дейді Роза Тоқтаналиева.
Балалар денсаулығын қорғаудың үкіметтік емес ұйымдары мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты дамыту, бірлескен іс-шаралар қалыптастыру мақсатымен өткізілген отырыс барысында жүрек талмасымен ауыратын балаларға назар аударуды арттыру қажеттігі баса айтылды.
«Біздің орталықта жылына 250-ден астам жүрек талмасына қатысты операциялар жасалады. Алайда бұл бағытқа бұдан әрі де көңіл бөлу керек», дейді Сызганов атындағы Ұлттық хирургиялық орталықтың жүрек аурулары бөлімінің меңгерушісі, профессор Арыстан Сейдалин.
Шараға қатысқандардың айтуынша, жүрек талмасымен туған балаларға уақытында операция жасауды қолға алу қажет. Бұл ретте перзентханалар мен хирургиялық орталықтар бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ бұл мәселені шешу үшін операция жасайтын арнайы мамандар мен операциядан кейін қызмет көрсететін мамандарды дайындауды бүгіннен қолға алу керек.