Қазақстанда жылыжай салу қымбат - кәсіпкер

Форумға Орталық Азия елдері сауда өкілдерімен қатар, Еуропадағы 18 елден түрлі компания басшылары мен мемлекеттік сектор өкілдері келді. Жиынға барлығы 500 қатысушы шақырылған.
Екі күндік сауда форумы биыл «Сауда, көлік және жеміс-көкеніс секторының өсу келешегі» тақырыбын талқыламақ. Тақырып аясында Орталық Азия аймағында жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында компаниялардың бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселесі көтерілді.
Форумды ұйымдастыруға мұрындық болған - Қазақстандағы АҚШ елшілігі. АҚШ-тың еліміздегі елшісі Джордж Кролл форум жаңадан құрылған бизнестің өсуіне септігін тигізетінін атап өтті.
«Сатушылардың, сатып алушылардың және сауда делдалдарының басын қосатын Орталық Азия сауда форумы жаңадан құрылған бизнестің өсуіне, ал қызметін бұрыннан жүргізіп отырған кәсіпорындардың кеңеюіне көмектесу үшін іскерлік байланыстарды орнатуға арналған алаңды ұсынып отыр», - деді АҚШ Елшісі.
Жиында Орталық Азия елдерінен экспортталатын жеміс пен көкөніс көлемін арттыру, аймақтағы сауда және оның экономикалық дамуына бөгет болып отырған тасымалдау және логистикадағы келелі мәселелер көтерілді. Форумда баяндама жасаған белгілі кәсіпкер Райымбек Баталов шағын және орта бизнестің жылыжай саласына инвестиция салуына жағдай жасау қажеттігін көтерді.
«Қазақстанда ауыл шаруашылығына инвестиция салу өкінішке орай қымбат. Қыс мезгіліндегі жеміс-жидек, көкеніс туралы айтатын болсақ, бұл жерде жылыжайларға тоқталу қажет болады. Жылыжай салу инвестицияның көз қарасымен қараса, өте қымбат. Бұл жерде нарықты арзан тауармен толтыру туралы айтуға әлі ерте. Мысалы, сіз ұшақпен Қытайға қарай ұшсаңыз, Қазақстан аумағынан ұшқанда әрине, әсем табиғатты көресіз, ал Қытай шекарасына асқанда қаптаған жылыжайларды байқар едіңіз. Егер Қытайда, Өзбекстанда және Қазақстанда жылыжай салу қаншалықты деп бағаларын салыстырып қарайтын болсаңыз, Қазақстанда айтарлықтай қымбат екеніне көзіңіз жетеді. Бұл жерде мемлекеттік қолдау қажет екенін тағы да айта кеткім келеді. Меніңше, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, орта және шағын бизнестің осы салаға кіруіне жағдай жасау маңызды», - деді жиында басты баяндама жасағандардың бірі «Райымбек» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов.
Айта кетейік, форум аясында көрме ұйымдастырылып, өндіріс, көлік шығындарын төмендетуге мүмкіндік беретін жеміс-жидек, көкеніс, көлік және логистика саласындағы жаңа технологиялар, жабдықтар мен қызметтер таныстырылды. Сондай-ақ, екі күндік форум аясында аймақтық және халықаралық саудадағы аса маңызды мәселелерді шешу жөнінде мемлекет пен жекеменшік сектор арасында диалогты орнату мәселесі және азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбына арналған бизнесс-тренингтер ұйымдастырылмақ.