Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандағы әрбір үшінші оқушы зияткерлік сайыстарға қатысады

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда әрбір үшінші оқушы түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарға қатысады. Ал биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңіне ғана 320 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы қатысып, өз білімдерін сынады.

мектеп бітіруші
Фото: Алматы әкімдігі

Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, елімізде дарынды оқушылармен жұмыс істеудің тиімді жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе «анықтау – іріктеу – даярлау – қолдау көрсету – дамыту» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

– Бүгінде Қазақстандағы әрбір үшінші оқушы түрлі зияткерлік сайыстарға қатысады. Бұл олимпиадалық қозғалыстың кең қанат жайғанын және оның дарынды жастарды анықтауда маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Айта кету керек, биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңіне ғана 320 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы қатысты. Бұл қабілетті әрі ынталы оқушыларды ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік беретін іріктеу жүйесінің алғашқы сатысы, – деді Тимур Давлет.

Оның сөзінше, халықаралық олимпиадаларға қатысушыларды даярлау – дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстың негізгі бағыттарының бірі.

– Қазақстанның ұлттық құрамаларын іріктеу көпсатылы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезең – мектеп деңгейі. Бұл кезеңде белгілі бір пәндерге бейімі мен қызығушылығы бар оқушылар анықталады. Екінші кезең – аудандық және қалалық деңгей, онда білім беру ұйымдары арасынан үздік қатысушылар іріктеледі. Үшінші кезең – облыстық деңгей. Мұнда оқушылар өз өңірінің намысын қорғап, республикалық кезеңге жолдама алу үшін бақ сынайды. Төртінші кезең – республикалық олимпиада. Оның қорытындысы бойынша еліміздің олимпиадалық резерві қалыптастырылады, – деді орталық директоры.

Сондай-ақ ол олимпиадалық резерв жасақталғаннан кейін ұлттық құрамаларға үміткерлерді арнайы даярлау кезеңі басталатынын айтты.

Айта кетейік, Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 1000-нан астам жүлде жеңіп алғанын жазғанбыз.