Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 1000-нан астам жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсететін елдердің қатарына кіреді. 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйақылар төленіп келеді.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары тек оқушыларға ғана емес, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлаған педагогтерге де көрсетіледі.
– 2025 жылы Мемлекет басшысы алғаш рет халықаралық олимпиада жеңімпаздарын даярлаған 24 педагогке мемлекеттік наградалар табыстады. Олар «Құрмет» орденімен, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар тәлімгерлерге 8,5-тен 26,5 лауазымдық жалақыға дейінгі мөлшерде ақшалай сыйақылар берілді. 2025 жылы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды даярлаған педагогтерге жалпы сомасы 101 миллион теңгеден астам біржолғы мемлекеттік сыйақы төленді, – деді Шынар Ақпарова.
Оның мәліметінше, алтын медаль иегерлеріне 1 500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлеріне 1 000 АЕК-ке дейін, ал қола медаль иегерлеріне 500 АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы қарастырылған.
– Халықаралық олимпиада жеңімпаздары еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алды. Ал 2025 жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарына «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алу мүмкіндігі берілді, – деді спикер.
Сонымен қатар Шынар Ақпарова биылдан бастап мемлекеттік қолдау халықаралық ғылыми жобалар мен ғылыми конкурстардың қатысушыларына да кеңейтілді. Енді мұндай халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де біржолғы мемлекеттік ақшалай сыйақы төлеу тетігі енгізілді деп атап өтті.
Сондай-ақ қазақстандық оқушылар математика, информатика, физика, химия, биология, география және басқа да пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастырып келеді.
– 2025-2026 оқу жылында Қазақстан оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 059 медаль және 57 арнайы сыйлық жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынында 201 алтын, 351 күміс және 507 қола медаль бар. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96 пайызға артқанын көрсетеді, – деп толықтырды ол.
Биыл қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысып, олардың әрқайсысында жүлдеге ие болды. Қазіргі таңда ұлттық құраманың еншісінде 19 медаль бар. Оның ішінде 6 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль.
Қыркүйек айына дейін ұлттық құрама тағы үш ірі халықаралық олимпиадаға қатысады. Олар: география бойынша IGeO, информатика бойынша IOI және лингвистика бойынша IOL халықаралық олимпиадалары.
Бұған дейін қазақстандық оқушылар халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында 4 жүлде алғанын жазғанбыз.