Қазақстандағы әскери жоғары оқу орындарын аттестациялау: жаңа ережелер бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2026 жылғы 22 сәуірдегі бұйрығымен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын әскери және арнайы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестация жүргізу қағидаларын бекітті.

әскер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Мемлекеттік аттестация жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери жоғары оқу орындарына (ӘАОО), олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, бес жылда бір рет уәкілетті орган тарапынан жүргізіледі.

Аттестациядан өтетін оқу орындарының тізімін уәкілетті орган бекітеді. Онда аттестация өткізу мерзімдері көрсетіліп, ресми интернет-ресурста жарияланады.

Жаңадан құрылған әскери жоғары оқу орындары үшін алғашқы мемлекеттік аттестация мамандардың алғашқы түлегі шыққан сәттен бастап бір жылдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

Мемлекеттік аттестация барысында мына бағыттар мен нысандар бағаланады:

  • білім алушылар контингенті
  • кадрлық әлеует
  • білім беру бағдарламаларын іске асыруға қажетті материалдық база (оқу корпустары, оқу, ғылыми және арнайы зертханалар, техникалық құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ студенттерге арналған жағдайлар – тамақтану, жатақхана, медициналық қызмет)
  • кітапхана қоры
  • оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы
  • кәсіби практика (тағылымдама)
  • ғылыми-зерттеу қызметі

Құжатта көрсетілгендей, мемлекеттік аттестацияның негізгі мақсаты – оқу орнының қызметі заң талаптарына және жоғары әрі жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкестігін анықтау.

Аттестация басталатыны туралы хабарлама оқу орнына кемінде бір ай бұрын жіберіледі.

Аттестацияның өзі 7 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

Бағалау жүргізу үшін уәкілетті орган арнайы комиссия құрады. Комиссия оқу орнының білім беру қызметіне жан-жақты әрі объективті баға береді.

Студенттердің дайындық деңгейін анықтау мақсатында бакалавриат пен магистратураның бітіруші курс студенттері арасында білімді тексеру (срез) өткізіледі. Бұл нәтижелер аттестацияның маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде есепке алынады.

Комиссия барлық бағыттар бойынша алынған нәтижелерді қорытындылап, аттестация қорытындысы туралы шешім шығарады.

Нәтижесінде оқу орнына қатысты мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

  • аттестатталған – егер оқу орнының қызметі барлық талаптарға толық сәйкес келсе

  • аттестатталмаған – егер талаптарға сәйкес келмесе

Қорытынды негізінде 10 күн ішінде уәкілетті орган тиісті бұйрық шығарып, оқу орнының аттестациядан өткенін немесе өтпегенін ресми түрде бекітеді.

Бұл ақпарат уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 8 мамырдан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің төлем тәртібін жаңартқанын жазған едік.