Қазақстандағы білім беру жүйесі қандай болуы керек: сарапшылар Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Тамыз айында өткен педагогтердің республикалық конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Мемлекет басшысының білім беру саласына қатысты негізгі тапсырмаларына сарапшылар Kazinform тілшісіне берген сұхбатында пікір білдірді.

Қазақстандағы білім беру жүйесі қандай болуы керек: сарапшылар Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты пікір білдірді
Фото: Kazinform/ЖИ

Қаржы нақты нәтиже беруі керек

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, соңғы жылдары Президенттің қолдауының арқасында білім беру саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқан. 2019 жылдан бері салаға бөлінетін қаржы үш есеге өсіп, 2 триллион теңгеден 6,4 триллион теңгеге жетті. Оның шамамен 65 пайызы мұғалімдердің жалақысына жұмсалады.

— Бұл білім беруге жұмсалатын шығын ғана емес, адам капиталын дамытуға салынған инвестиция. Бүгінде мұғалім — жай ғана сабақ беруші емес, елдің болашағын қалыптастыратын тұлға. Мұны заңнамадағы өзгерістерден, жаңа тәсілдер мен реформалардан көруге болады, — деді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, ендігі міндет — бөлінген қаржының нақты нәтижесін қамтамасыз ету. Осы ретте педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін қайта қарау қажет.

Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» орталығының жұмысына ішкі аудит жүргізген. Аудит нәтижесі қаржыландыру көлемі едәуір болғанымен, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсаты әрдайым толық орындала бермейтінін көрсетті. Осыған байланысты ведомство жүйедегі тәсілдерді өзгертуді жоспарлап отыр.

Президент көтерген тағы бір мәселе — дарынды балаларды қолдау. 2023 жылдан бері халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы беріліп, олардың жаттықтырушылары мен мұғалімдеріне де қолдау көрсетіледі. Министр сөзінше, ендігі міндет — мұндай қолдауды ауыл оқушылары мен шағын жинақты мектептерде білім алатын балаларға да қолжетімді ету.

Қазақстандағы білім беру жүйесі қандай болуы керек: сарапшылар Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты пікір білдірді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Өңірлердегі алшақтық және білім сапасының бірыңғай стандарты

Білім және ғылым экс-вице-министрі, Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленовтің айтуынша, Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне жаңа міндеттер жүктеп қана қоймай, саладағы қордаланған мәселелерге де назар аударды.

Оның сөзінше, білім саласын қаржыландырудың артуы мен педагог мәртебесінің көтерілуіне қарамастан, өңірлердегі білім сапасы біркелкі емес. Атап айтқанда, Түркістан, Атырау және Алматы облыстарындағы оқушылардың нәтижелері білім деңгейінде олқылықтар бар екенін көрсетеді. Бұл мәселе кейін ҰБТ нәтижесінен және жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштерінен де байқалады.

Осыған байланысты сарапшы үлгерімі төмен өңірлерге практикалық қолдау көрсетіп, білім сапасындағы алшақтықты азайту жөніндегі Президент тапсырмасын маңызды деп санайды.

Қазақстандағы білім беру жүйесі қандай болуы керек: сарапшылар Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты пікір білдірді
Фото: Мирас Дәуленовтің жеке мұрағатынан

«Келешек мектептері» білім берудің жаңа стандартына айналуы керек

Мирас Дәуленовтің айтуынша, Президент «Келешек мектептері» жобасына да ерекше назар аударды. Қазір елімізде 317 «Келешек мектебі» бар.

— Президент «Келешек мектептерін» елдегі білім берудің жаңа стандартына айналдыру маңызды екенін айтты. Бұл — жүзеге асыруға болатын міндет. Меніңше, Оқу-ағарту министрлігі осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Өйткені бұл жоба орта білім беру жүйесін дамытудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін, — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, «Келешек мектептері» базасында жаңа стандарттар мен тәсілдерді сынақтан өткізіп, тиімді тәжірибелерді кейін бүкіл орта білім беру жүйесіне енгізу қажет.

Қазақстандағы білім беру жүйесі қандай болуы керек: сарапшылар Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты пікір білдірді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жасанды интеллект білімді алмастырмай, қолдауы керек

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды бағыт — жасанды интеллектіні енгізу. Мирас Дәуленовтің пікірінше, бұл ретте оқушылардың жасанды интеллектіні орынсыз әрі шектен тыс қолдануына жол бермеу маңызды.

— Ең алдымен, оқушыларға жасанды интеллектіні қолдану этикасын үйрету қажет. Сондай-ақ Президент атап өткендей, жасанды интеллект педагогтерді қағазбастылықтан арылтуға көмектесуі керек. Бұған дейін қағазға түсіріліп, қолмен есептеліп келген жұмыстардың барлығын автоматтандыруға болады. Жасанды интеллект білім беру жүйесінің дамуына ықпал етуі керек, бірақ оның орнын алмастырмауы тиіс, — деп атап өтті сарапшы.

Баға оқушының нақты білім деңгейін көрсетуі керек

Сарапшылар білім сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі — оқушылардың білімін объективті бағалау деп санайды.

ҚР білім және ғылым экс-вице-министрі Шолпан Каринованың пікірінше, мектептегі баға оқушының нақты білім деңгейіне сай болуы керек. Әйтпесе, мектептегі үлгерім мен ҰБТ нәтижесі арасында алшақтық пайда болады.

— Қазір оқушылардың бағасы жиі көтеріңкі қойылатынына куә болып жүрміз. Соның салдарынан балалар ҰБТ кезінде мектепте алған бағасын растай алмай жатады. Бұл ҰБТ-ның тиімсіз құрал екенін білдірмейді. Мәселе — мектепте қойылған бағалардың оқушының нақты біліміне сәйкес келмеуінде, — деп түсіндірді ол.

Осыған байланысты сарапшы білімді тәуелсіз бағалауды тек қорытынды емтихан кезінде ғана емес, оқу жылы бойы мектеп ішінде де жүргізу қажет деп санайды.

Айта кетйік, бұған дейін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялады.