Қазақстандағы суармалы жердің 44%-ында су үнемдеу технологиялары қолданылады

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова бастаған делегация Қытайдың Шэньси провинциясында өткен 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрігінің баспасөз қызметі.

 су үнемдеу технологиялары
Фото: ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі

Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) заманауи ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі 2026 жылғы дөңгелек үстелінде Назгүл Хатепова климаттың өзгеруі мен су тапшылығының күшеюіне байланысты су ресурстарын ұтымды пайдалану, заманауи суару технологияларын енгізу және халықаралық технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл бағыттар Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені олар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға тікелей әсер етеді.

-ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, технологиялық және өндірістік әлеуетін біріктіру тиімді шешімдерді жедел енгізуге, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп сенеміз. Ынтымақтастық нақты нәтижелерге бағытталып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысына жауап беруі қажет, — деді Назгүл Хатепова.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстанда суармалы суды тиімді пайдалану, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және суды үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,6 млн гектар суармалы жер бар. Оның 702,3 мың гектарында суды үнемдеу технологиялары қолданылады. Бұл суармалы алқаптардың жалпы көлемінің шамамен 44%-ын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша заманауи суару жүйелерін қолдану нәтижесінде шамамен 874 млн текше метр су үнемделген.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің заманауи суару технологияларына көшуін жеделдету мақсатында мемлекет қаржылай қолдау шараларын кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, суды үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарының өтемақысы 60%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Ал мұндай жүйелерді пайдаланатын шаруашылықтар үшін суару суының құнын субсидиялау үлесі 50%-дан 85%-ға дейін арттырылды. Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдары суды үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия беруге 214,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Елімізде ирригациялық жабдықтардың отандық өндірісі де дамып келеді. Сонымен қатар аграрлық секторды қажетті техникамен қамтамасыз ету мүмкіндіктері кеңейтіліп, су ресурстарын басқару тәсілдері жетілдірілуде.

Осыған дейін қазақстандық мамандардың Қытайдың су үнемдеу технологияларын зерделеп жатқаны туралы жаздық.