Қазақстандағы теміржол вокзалдарының келбеті қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, жұмыс тек ғимараттардың сырты мен ішін жөндеумен шектелмейді. Жаңғырту кезінде вокзалдар жолаушыларға қауіпсіз әрі ыңғайлы болатындай етіп жаңартылады.
Вокзалдарда не өзгереді
Жаңғырту кезінде вокзалдар жолаушыларға қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы және сапалы қызмет көрсетуі үшін қазіргі талаптарға сай жаңартылады.
— Жаңғырту аясында вокзалдардың қасбеті мен ішкі бөлігі жаңартылып, заманауи күту залдары жабдықталады. Бағыт-бағдар көрсететін белгілер, санитарлық тораптар мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары жетілдіріледі. Қозғалысы шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Ол үшін тактильді бағыттау жүйелері, арнайы бейімделген санитарлық бөлмелер және басқа да қажетті жағдайлар қарастырылады, — деді ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.
Сонымен қатар инженерлік желілер мен жарықтандыру жүйелері жаңартылып, жолаушыларға ақпарат беруге арналған жабдықтар да заман талабына сай бейімделеді. Вокзалдардағы қауіпсіздік шараларын күшейту де көзделген.
Министрліктің түсіндіруінше, негізгі мақсат — вокзалдардың сыртқы келбетін жаңарту ғана емес, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын да жақсарту қолға алынып отыр. Осылайша, вокзалдар қауіпсіз әрі қолайлы болып, барлық жолаушыға бірдей қолжетімді болуы тиіс.
Теміржол вокзалдарын жаңартуға не себеп болды
Бірнеше ондаған жыл бұрын салынған вокзалдарды тексеру кезінде бірқатар ортақ мәселе анықталған. Көп жағдайда ғимараттар мен инженерлік желілер тозған, ішкі жоспарлау қазіргі талаптарға сай келмейді, ал кейбір бөлмелерді тиімді пайдалану мүмкіндігі шектеулі.
Бұдан бөлек, бірқатар вокзалда жолаушыларға жол табуды жеңілдететін белгілер мен ақпараттық жүйелерді жетілдіру, қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау қажет болған.
Дегенмен барлық вокзалдың жағдайы бірдей емес. Олардың техникалық жай-күйіне ғимараттың қашан салынғаны, қай өңірде орналасқаны, вокзалдың санаты мен жолаушылар саны әсер етеді.
— Әр вокзал бойынша шешім оның техникалық жағдайы мен пайдалану ерекшеліктеріне қарай жеке қабылданады, — деді вице-министр.
Барлық вокзалдың сәулеті бірдей бола ма
124 вокзалдың барлығын бір үлгіде жасау жоспарланбаған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңғыртылатын нысандарға қауіпсіздік, қолжетімділік, жолаушылар қозғалысын ұйымдастыру, санитарлық жағдай мен навигация бойынша ортақ талаптар қойылады. Ал ғимараттардың сәулеті мен ішкі жоспарлануы әртүрлі болуы мүмкін.
Бұл вокзалдың санатына, техникалық жағдайына, жолаушылар санына, ғимараттың ерекшелігіне және орналасқан елді мекенге байланысты анықталады.
Демек, жаңғыртылған вокзалдардың барлығы сырттай бір-біріне ұқсамауы мүмкін. Бірақ қауіпсіздік, қызмет сапасы мен қолжетімділікке қойылатын талап ортақ болады.
Вокзалдар көбірек жолаушы қабылдай ала ма
Жобаларды әзірлеу кезінде қазіргі жолаушылар саны ғана емес, алдағы жылдардағы жолаушылар ағыны да ескеріледі.
— Әр нысанның ерекшелігіне қарай жолаушылар қозғалысын тиімді ұйымдастыру, күту залдарының аумағын ұлғайту немесе қолда бар орынды тиімді пайдалану, кіреберістерді, кассалар мен басқа да қызмет көрсету аймақтарын жетілдіру қарастырылған, — деді Жәнібек Тайжанов.
Осылайша, жаңғырту вокзалдардың келбетін өзгертумен шектелмейді. Жобалар болашақта жолаушылар саны артқан жағдайда оларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беруге тиіс.
124 вокзалды жаңғыртуға қанша қаржы жұмсалады
124 теміржол вокзалын жаңғыртудың жалпы құны әзірге нақтыланған жоқ.
Көлік министрлігінің айтуынша, әр нысанға жұмсалатын қаржы көлемі жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады. Сондықтан бүкіл бағдарламаға қажет қаражат пен қазірге дейін игерілген қаржы көлемі жобалардың дайын болуына және іске асырылуына қарай нақтыланып отырады.
Жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзалдардың қалыпты жағдайын сақтау жұмыстары қолданыстағы тәртіппен жүргізіледі. Инженерлік жүйелерге, ғимараттар мен вокзал маңындағы аумақтарға техникалық қызмет көрсетіліп, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұған дейін Қазақстанның 17 облысында 74 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаны хабарланған еді. Тағы 34 нысанды тамыздың соңына дейін, ал 15 вокзалды қыркүйектің соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.