Қазақстандағы ұлттық парктер аумағына кірудің жаңа тарифтері жарияланды

нацпарк
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

2022 жылғы 21 желтоқсанда «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Осы құжат аясында Салық кодексінің 591-бабына мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің аумағына көлік құралдарының кіруі үшін төлем алу бойынша толықтыру енгізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барған кезде алынатын төлемақы мөлшерлемесі белгіленген. Бұл төлем ерекше қорғалатын табиғи аумақта болған әрбір күн үшін есептеледі.

Мәселен, жаяу жүргіншіден – 0,1 АЕК, мотоциклдерден, мопедтерден, квадроциклдерден – 0,2 АЕК, жеңіл автомобильдерден – 0,3 АЕК, орын саны 16-ға дейінгі шағын автобустар мен жүк автомобильдерінен – 1 АЕК, орын саны 32-ге дейінгі автобустардан – 2 АЕК, сондай-ақ орын саны 32-ден жоғары автобустардан 3 АЕК сомасында болады. Бұл өзгеріс 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болғаны үшін төлемақы салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісіліп, онда көліктің әрбір түріндегі жолаушылардың орташа санына қарай есептеліп белгіленді. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 27-5-6/253 бұйрығымен табиғатты қорғау мекемелері көрсететін қызметтердің тарифтері бекітілді, онда тиісті қызметтердің қолданыстағы тарифтерін көруге болады», - делінген Экология министрлігінің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда төлемақы алудың ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында Мемлекеттік ұлттық парк аумағындағы бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру жұмыстары іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар, келушілер кіру билеттерін онлайн сатып алуы үшін барлық ұлттық парк банктік төлем қызметтеріне (kaspi.kz, homebank) қосылған. Тарифтерді өзгерту «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 38-бабына сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылды.

Себебі автокөліктер қоршаған ортаға адамдарға қарағанда көбірек зиян келтіреді.
Министрлік мамандарының пайымынша, бұл нормалар адамдардың жаяу туризмге назар аударуын ынталандыруға ықпал етеді. Осы ретте бірегей табиғи орындарды сақтауға оң әсерін береді.

Айта кетейік, 2024 жылы бір АЕК 3 692 теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар