Қазақстандағы зергерлік бизнес: Заңды және көлеңкелі нарық
АСТАНА. KAZINFORM – 31 қаңтар – Халықаралық зергерлер күні. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес. Дәл осы айда мамандар таңбаларын тіркейді. Осы орайда, Kazinform тілшісі қазаққа ешқашан жат болмаған зергерлік өнерін назарға алып, сала ретінде дамуы мен жай-күйіне шолу жасады. Өзекті проблемаларын да тапты.

Қазақтың зергерлік тарихы тереңде
Астананың оңтүстік-шығысындағы әдеттегі жер үйлер арасында қазақы нақышта әсемделген ерекше үй менмұндалап тұр. Қалаға келген шетелдік туристер де мұнда арнайы соғады, өйткені белгілі зергер, коллекционер, халықаралық Карл Фаберже орденінің иегері Берік Әлібай жеке үйінен музей жасап, халқымыздың құнды этнографиялық жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап отыр.
− Қазақ халқының зергерлік тарихы сонау Сақ заманынан бастау алады. Одан кейін ғұн заманы, түркілер кезеңі деп жалғасып кете береді. Біз олардың тікелей ұрпағы саналамыз. Қазақ зергерлігіндегі аң стилі, бүршіктеу, шытыралау тәсілдері – Сақ дәуірінің мұрасы. Кейінірек Ислам діні келген соң, аңды бейнелеу, адамның суретін салу шариғатқа сай келмей, зергерлік өнеріміз өзгерді, аң стилін жоғалтып ала жаздадық, − деді Берік Әлібай агенттікке берген сұхбатында.

Ал ХVII-XIX ғасырларда біздің зергерлік өнердің нағыз шарықтаған, гүлденген кезеңі болды.
- Оны біздің музейлердегі көптеген жәдігер айғақтайды. Өңіржиек, сәукеле, құдағи жүзіктер, сом-сом білезіктер, шолпылар, шекеліктер – зергерлік өнердің өте жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Әлі күнге дейін әлемде қазақ зергерлігінің шоқтығы биік тұрады, қаншама конкурсқа барып, алдыңғы орындарды иеленіп келеміз. Өйткені біздің бұйымдардың жасалу күрделілігі, сипаты, әдемілігі ғана емес, мән-мағынасы да терең! Құдағи жүзікті кім таққан, Отау жүзікті, Құстұмсық жүзікті кім таққан – бәрінің тарихын айтып берсең, шетелдіктер аузын ашып, не деген ұлы халық деп таңғалады. Сондықтан, мемлекет, Мәдениет министрлігі бұл салаға ерекше көңіл бөлуі керек, − деді Берік Әлібай агенттікке берген сұхбатында.

Сондай-ақ, халқымыз алтыннан гөрі күмісті құп көрген. «Алтын сәндікке, күміс – емдікке» деп, ертеден күмістің адам ағзасына пайдалы екенін білген.
− Күмістің табиғатта кездесетін 400-ден астам микробты өлтіретін қасиеті бар. Ертедегі аналар мен әжелер жасаған тамақтың адал болуы үшін күмістен білезік, сақина таққан. Қазір де адамдар күміс ыдыстан су ішуге тырысады, құмыраға күміс тиын тастайды. Екі білекке тағылатын қос білезік – адам бойындағы күшті сыртқа шығармай, сақтап қалады деген сенім болған. Ал Кеңес кезеңінде зергерлікпен айналысуға көп шектеу болды. Біздің аталарымыз зергерлікпен ашық айналыса алмады, күндіз колхоздың жұмысын істеп, түнде жасырын шеберханада әшекей жасап, базарларда сататын. Өйткені ол заманда бәрі орталықтандырылған еді, ірі зауыттар ғана жұмыс істейтін, нағыз шеберлер өте аз болды. Тәуелсіздік алған соң қолөнеріміз, оның ішінде зергерлік өнеріміз қайта жанданды, − дейді зергер.

Зергер – бизнесмен бе, шебер ме
Берік Әлібайдың әулетін зергерлер династиясы деп атауға болады, себебі әулетіндегі төртінші буын «темірден түйін түйіп» келеді.
− Өзім Жамбыл облысы Меркі ауданындағы 60-70 түтіні бар кішкентай Қызылсай ауылынан шықтым. Қазір сол ауылдан 30-ға тарта зергер шықты десем сенесіз бе? Бастапқыда туыстарымның балаларын оқуға түсіріп, зергерлікке баулыған едім. Олар әрі қарай зергерлікті жалғастырып, шеберханалар ашып, бірін-бірі тартып, көйбейе түсті. Өзімнің туған бауырларым зергерлікпен айналысады, кенже балам Зият ісімді жалғастырып келеді. Қазақстанның түпкір-түпкірінде шәкірттерім бар. Зергерлікті кез келген адам үйренеді деп айта алмаймын, өйткені маған қаншама адам келіп, осы өнерді үйренгісі келді. Бірақ арғы тегінде, нағашыларында немесе аталарында зергерлік қасиет болмаса, қонуы өте қиын. Сондықтан бұл - өте қасиетті өнер. Зергерлерді, ұсталарды, шын шеберлерімізді өте жоғары бағалаған, төрге отырғызған, патша сарайына сұраусыз еркін кірген. Мұның бәрі ескі жазбаларда сақталған, − дейді Б. Әлібай.
Оның айтуынша, зергерлік өнер дамыған көптеген елде, мысалы Түркияда зергерлікпен айналысатындарға салық салынбайды, шикізаттың өзі субсидиямен жарты бағасына беріледі, өте көп жеңілдіктер жасалады.
− Өзбекстанның да қолөнершілеріне жасаған жағдайын көріп, өте таң қаламыз, қызығамыз, қызғана қараймыз. Ал бізде зергер, шеберлерге «бизнесмен» ретінде қарайды. Біз бизнесмен емеспіз ғой, біз - халқымыздың мыңнан бір адамдарымыз, өнер қонған адамдармыз. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жасап кеткен істі әрі қарай жалғастырушымыз, қаймағын бұзбай келесі ұрпаққа жеткізуші, арадағы көпірміз. Қазақстанда өз үйімді босатып, жанкештілікпен музей ашқан бірден-бір ғана шебер шығармын. Ал көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға барсаң, әрбір шебердің үйі – музей. Мен сол елдерді көп аралап, осындай істі жасап отырмын. Өзім далада тұрсам тұрайын, бірақ өнерімді көрсету үшін, халыққа қызмет ету үшін, мәдениетін дамыту үшін осы музейді арнайы ашып отырмын. Үкімет тарапынан ешкім келіп, музейді ұлғайтайық, осы істі дамытайық деген жоқ. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жүрміз, − дейді шебер.
Мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығын зергер-суретші, сала сарапшысы Таймас Мұқашев та растайды. Зергерлік іспен айналысатындарға қадағалау тым көп, бұйрық қатты. Осының салдарынан зергерлікте көлеңкелі бизнес қаптады.

− Үкімет проблеманы байқағысы келмей, тек қатаң шаралармен реттегісі келеді. Алтынмен және күміспен жұмыс істейтіндер арнайы тіркелуі керек. Оның реттейтін құжаты мен өткізетін есебі шамадан тыс көп. Қаржылық мониторинг агенттігі соңғы 2-3 жылда зергерлік саласына қадалып алды, кәсіпкерлерді көлеңкеден ресми бизнеске шығыңдар деп шақырады да, ынталандырудың орнына қамшының астына алады, үлгі ретінде көрсетіп жазалайды. Кеңестік тұста алтынмен айналысатындар ерекше бақылауда болды, сәл қателік шықса сотталып кететін жағдайлар болды. Зергерлікке сондай қасаң көзқарас әлі күнге дейін байқалады. Алтын мен күміс – біз үшін жай ғана шикізат. Наубайханашы ұнды сатып алып, нан пісіргені сияқты, зергер де құнды металдардан әшекей жасап сатады, бары сол, − дейді сарапшы агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, көптеген зергер көлеңкелі бизнеске амалдың жоғынан барады. Ал заңды жұмыс істейтін зергерлер көлеңкелі нарықпен, шетелдік импортпен бәсекелесе алмайды.
− Көлеңкелі нарықтағылар еш артық шығынға ұшырамайды, шұлық сатамын деп тіркеліп алып, шын мәнінде алтын сатуы мүмкін. Бірақ, алда-жалда оларға ұры түссе, полицияға шағым да жаза алмайды, өйткені алтынмен ресми айналыспайды. Қазір зергерлер ескі әшекейді жөндеумен жан бағып отыр, авторлық бұйым жасайтындар көп емес. Құжат реттеуден шаршағандар «зергер болам ба, заңгер болам ба» деп кәсібін жауып, жиһаз жасауға немесе таксилетуге кетіп жатыр. Сондықтан Үкімет қолдауға кепілдік берсе, көпшілігі жарыққа шығуға, ашық жұмыс істеуге дайын. Сондықтан заңнаманы түбегейлі қайта қарап, көзқарасты өзгерту керек. Үніміз жоғарғы билікке жеткенін қалаймыз, − дейді Т. Мұқашев.
Статистика жүргізу қиын
Қазақстанның Зергерлер лигасы елдегі зергерлік саладағы кәсіпкерлік субъектілерінің нақты статистикасы жоқ екенін айтады. Себебі зергерлік бұйымдар өндірісімен және саудасымен айналысатын көптеген кәсіпкер экономикалық қызметін дұрыс көрсетпейді.
− Дегенмен, біздің шамамен есептеуіміз бойынша, танымал брендтерді, әлеуметтік желілердегі зергерлік ритейлерлерді, онлайн-дүкендерді, ірі маркетплейстердегі сатушыларды, жасырын цехтарды және базардағы саудагерлерді қоса алсақ, бұл саладағы субъектілер саны 20 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш қолданыстағы қиындықтар мен сын-тегеуріндерге қарамастан, қарқынды дамып келе жатқан нарықтың ауқымын айқын көрсетеді. Расымен де Қазақстанның зергерлік өнеркәсібі статистиканың анық болмауы және мемлекеттен көңіл бөлінбеуі сияқты бірқатар қиындықпен бетпе-бет келіп отыр, - дейді Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы Дінмұхамед Табылды.

Қазақстанда «Қазақювелир», «Алматы зергерлік зауыты», «Жемчужина» зергерлік кәсіпорны, Sodalit секілді зергерлік бұйымдар өндірісімен айналысатын бірнеше ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді.
− Негізінен, нарықтың көп бөлігі көлеңкеде қалып отыр, бұл мемлекеттік бюджетке айтарлықтай шығын әкеледі. Өндірістің артуы мен нарықтың дамуы көбінесе салық жеңілдіктері, шикізатқа қол жеткізу мүмкіндіктерінің жеңілдетілуі және кәсіпорындарға инфрақұрылым құруды қажет етеді. Қазақстанда басқа елдердегідей зергерлік кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін жоғары білікті кадрлар, заманауи жабдықтар және тиімді маркетинг пен сату мүмкіндіктері қажет. Көршілес Өзбекстанның тәжірибесі мемлекет тарапынан қолдаудың сала өсуіне қалай ықпал ететінін көрсетеді. Онда кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер, қолжетімді шикізат, сондай-ақ жеңілдетілген несиелеу және ірі қалаларда өндіріс үшін тегін орындар беріледі. Мұндай тәсіл кәсіпорындарға экономикалық қиындықтарды жеңуге және табысты даму мүмкіндігін береді, − деп мысал келтірді Лига төрағасы.
Қазақстанда жағдайды жақсарту үшін және зергерлік өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекеттік қаржыландыруды тарту арқылы нарықты кешенді зерттеу қажеттігі айтылды.
Бұл сенімді біртұтас статистиканы қалыптастыруға, негізгі мәселелерді анықтап, оларды шешу үшін шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді және өндірістің өсуіне және саладағы ашықтықтың артуына ықпал етеді.
Бұйымдарда радиация болуы мүмкін
Қазіргі таңда Қазақстанның зергерлік өнеркәсібі бірқатар өзекті проблемаға тап болып отыр. Бұл мәселелер сектордың одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін шұғыл назар аударуды және шешуді қажет етеді.
− Зергерлік сала контрафактілік өнімдерден және заңсыз айналыммен бәсекелестіктен зардап шегіп отыр. Бұл тұтынушылардың сеніміне селкеу түсіріп, отандық өндірістің имиджіне теріс әсер етеді. Заңнаманы сақтау бойынша бақылаудың әлсіздігі проблеманы одан әрі ушықтырады, бұл ЕАЭО елдері арқылы контрафактілік өнімдердің кең таралуына әкеп соғады, − деп түсіндірді Дінмұхамед Табылды.
Әсіресе Қытайдан арзан бағаға келетін әшекей бұйымдар нарығын зергер Берік Әлібай да зерттеп көрген екен.
− Қытай көп нәрсенің көшірмесін жасады ғой, осы зергерлік өнерді жасай алмайтын шығар деп ойлап едім. Жоқ, соңғы 5-6 жылда Қытайдан өте көп мөлшерде қазақи әшекей көшірмелері «барахолкаға» түсіп жатыр. Соны біздің сатушылар құрастырып, шекелік, сырға, білезіктер жасап, сатады. Біз мұны арнайы зерттеп, сараптамадан өткіздік, онда адам бойына зиян келтіретін металдар анықталды. Оның ішінде қалайы, қорғасын, мырыш, тіпті радиация да болуы мүмкін. Сондықтан ол сырғаларды таққанда абай болу керек. Бірақ қалтаны нарық билеген заман, не арзан болса, сол көп сатылады. Мұндай қауіпті заттарды мемлекет тексеріп, шекарадан кіргізбеуге тырысуы керек, − дейді Б. Әлібай.
Қазақстанда ішкі өндірушілердің зергерлік бұйымдарын сатып алудың артықшылықтары туралы ақпарат өте аз. Көбі Қазақстанда жасалған зергерлік бұйымдардың сапасы импорттық өнімдерден кем емес екенін түсінбейді және олар әдетте қолжетімді бағамен әрі жергілікті экономиканы қолдай отырып ұсынылады.
− Қазақстан дүние жүзінде күміс өндіруден екінші орын алады, алтын өндіруден алғашқы ондықтамыз, Менделеев кестесіндегі барлық элемент жерімізден табылады. Осындай мықты әлеуетіміз бар. Астананың өзінен алтын, күміс шығаратын аффинажды зауыт аштық, мұндай зауыт дүние жүзінде жоқ. 5-6 жыл бұрын ол жерде алтын, күміс бұйымдарын жасайтын үлкен шеберхана ашпақшы болдық. Оған «Самұрық Қазына» арқылы қаражат бөлінуі керек еді, Италиядан ұстаздар шақырылып, конкурс жасап, оншақты маманды Италияда оқыту көзделген еді. Түптің түбінде қаражат бөлінбей, бастама аяқсыз қалды, − деді Берік Әлібай.

Заңнаманы жетілдіру қажет пе?
Сондай-ақ, заңнамаға байланысты шешілмеген сұрақтар да бар. Қазақстанда бағалы тастар мен металдар туралы заң дұрыс жұмыс істемейді, бұл өнімнің мөрленуі мен сынақтан өтуі сияқты міндетті стандарттардың бұзылуына әкеледі. Адал өндірушілер үшін зор қауіп тудырып, олардың заңсыз нарық ойыншыларымен бәсекелесуін қиындатады.
− Фискалдық және құқық қорғау органдары барлық проблемадан хабардар, бірақ контрабандамен, контрафактілік өнімдермен және нарықтағы жосықсыз ойыншылармен күрес үшін тиісті шаралар қабылдамай отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет араласып, заңнаманы жақсартуға, бақылауды күшейтуге және отандық өндірушілерді қолдауға әрекет етуі керек, осылай ғана Қазақстандағы зергерлік саланың тұрақты және айқын дамуын қамтамасыз ете алады, − дейді Лига төрағасы.
Импорт экспорттан 10 есе көп
Мемлекеттік кірістер комитетінен 2024 жылғы «қымбат металдардан және қымбат металдармен қапталған металдардан жасалған зергерлік бұйымдар мен олардың бөліктері» тауар позициясы бойынша экспорт пен импорт көрсеткіштерін сұратқан едік.
Былтыр Қазақстан 0,2 тонна ғана зергерлік бұйым экспорттаған және оның құны - 8 183 000 АҚШ доллары.
Оның ішінде түрлі мөлшерде:
- Біріккен Араб Әмірліктеріне ($2 млн 378 мың)
- Сингапурға ($1 млн 547 мың)
- Тәжікстанға ($359 мың)
- Өзбекстанға ($73 мың)
- Германияға($1 млн 352 мың)
- Грузияға ($243 мың)
- Ирландияға ($130 мың)
- Италияға ($499 мың)
- Канадаға ($26 мың)
- Латвияға ($69 мың)
- Ұлыбританияға ($53,5 мың)
- Нидерландыға ($45 мың)
- Румынияға ($242 мың)
- Тайландқа ($10 мың)
- Түркияға ($123 мың)
- Францияға ($446 мың)
- Швейцарияға ($580 мың) экспортталған.
Ал елге келген импорт көлемі 1,8 тоннадан асады, оған 89 694 000 доллар жұмсалған. Дәлірек айтқанда:
- Италиядан ($24 млн 388 мың)
- Франциядан ($24 млн 974 мың)
- Ұлыбританиядан ($11 млн 599 мың)
- Швейцариядан ($9 млн 295 мың)
- Тайландтан ($9 млн 284 мың)
- Германиядан ($2 млн 55 мың)
- АҚШ-тан ($1 млн 705 мың)
- Түркиядан ($1 млн 487 мың)
- Қытайдан ($1 млн 220 мың)
- Испаниядан (836 мың)
- Сингапурдан ($604 мың)
- Гонконгтан ($601 мың)
- Біріккен Араб Әмірліктерінен ($473 мың)
- Израильден ($455 мың)
- Үндістаннан ($436 мың)
- Вьетнамнан ($79 мың)
- Бельгиядан ($67 мың)
- Аустралиядан ($40 мың)
- Жапониядан ($39 мың)
- Өзбекстаннан ($18 мың)
- Индонезиядан ($15 мың)
- Аустриядан ($11 мың) зергерлік бұйымдар әкелінген.

Бұл мамандық қайда оқытылады?
Қазақстанда зергерлер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және оның жанындағы колледжінде, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде және басқа мемлекеттік органдарға қарасты білім беру ұйымдарда оқытылады.
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Декоративтік өнер-көркем металды және басқа да материалдарды өңдеу» бағдарламасы бойынша зергерлерді 2014-2015 оқу жылынан бастап бакалавр деңгейінде дайындап келеді. 2024-2025 оқу жылында грант бойынша 6 студент қабылданған.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Зергерлік іс» білім беру бағдарламасы бойынша 2024-2025 оқу жылында грант бойынша 10 студент оқиды, оның колледжінде «Металды көркемдеп өңдеу» бейінінде грант бойынша 5 студент оқиды.
Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде студенттер «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық-кәсіпшілік өнері» мамандығы, «Сәндік-қолданбалы өнер суретшісі (Металды көркемдеп өңдеу)» біліктілігі бойынша білім алады. Жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 5 гранттық орын бөлінеді.

Зергерлер қанша табыс табады?
Мәдениет және ақпарат министрлігі агенттікке берген ресми жауабында зергерлік мамандығы бойынша еңбек нарығындағы жалақы мөлшерін айтты. Ондағы мәліметке сәйкес:
- жаңадан келіп жұмыс істейтін жас маманға 200-300 000 тенге көлемінде жалақы төленеді.
- өндіріс бойынша жеке кәсіпкерлігі, ЖШС бар кәсіпкерлер сұранысқа байланысты шамамен 600 000 тенгеден жоғары жалақы алады.
- жеке кәсіпкерлік бойынша жұмыс істейтін зергер мамандар шамамен - 500-600 000 теңгеден жоғары жалақы алады.
Министрлік зергерлік кәсіппен айналысатын мамандарға байқаулар, гранттар ұйымдастырылатынын айтады. Республика бойынша түрлі декоративті-қолданбалы өнер саласында республикалық және қалалық жәрмеңкелерде өз жұмыстарын көрсете алады.
Айта кетейік, Халықаралық зергерлер күнін белгілеу туралы ұсыныс алғаш рет 2002 жылы Ресей фестивалінде айтылған. Алайда бұл идея бірден жүзеге асқан жоқ. Алты жылдан кейін 2008 жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен жас зергерлер фестивалінде Халықаралық зергерлер күнін ресми түрде белгілеу туралы түпкілікті шешім қабылданды.