Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандағы жеті партия көшбасшысы 24KZ эфирінде дебат өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — 19 тамыз күні сағат 20:00–де «Хабар» агенттігіне қарасты 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде «Басты дебат — 2026» саяси жобасы көрсетіледі, деп хабарлайды 24.kz.

теледебат
Коллаж: Kazinform/ЖИ

Бұл — ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауының алдындағы қорытынды пікірталас. Басты дебаттың негізгі тақырыбы —«Дамыған экономика — қуатты қоғам».

Тікелей эфирде үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жариялап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін негізгі шешімдерін ортаға салады.

Саяси доданы 24KZ телеарнасының YouTube, сондай-ақ Telegram, Instagram және TikTok желілеріндегі ресми аккаунттарынан онлайн режимде көруге болады.

Лидеры семи партий встретятся на «Главных дебатах – 2026» на 24KZ
Фото: 24KZ

Бұл жолы пікірсайыс алаңында саяси ұйымдардың өкілдері емес, еліміздегі барлық жеті партияның көшбасшыларының қатысатынын атап өткен жөн:

  • «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай,
  • Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов,
  • Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев,
  • Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов,
  • «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов,
  • «Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева,
  • және Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров.

Төрт кезеңнен тұратын дебат форматы қатысушыларға партия бағдарламасын жүйелі түрде таныстыру, оппоненттеріне сұрақ қою, сондай-ақ байланыс орталығына келіп түскен бейнехабарламалар мен сауалдарға жауап беру мүмкіндігін қарастырады.

Қорытынды бөлімде партия жетекшілері өздерінің сайлауалды мәлімдемелерін жолдайды.

Дебатқа қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі жеребе тарту арқылы айқындалады. Жеребе тарту басты дебатқа бір күн қалғанда, яғни 18 тамыз сағат 10:00–де 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде өтеді. Жеребе нәтижелері әлеуметтік желілерде де жарияланады. Осылайша, сөз сөйлеу кезегін анықтау рәсімі барлық үміткерлер мен көрермен үшін барынша ашық әрі әділ өтеді.

Дебат модераторлары белгілі тележүргізушілер — Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай, ал азаматтардан келіп түсетін сауалдарды колл-орталық арқылы Сағыныш Әбікей қабылдайды.

Бұдан бұрын 12 тамызда Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің дебаты өткенін жазған едік. Қатысушылар «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында сөз сөйлеп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.