Қазақстандағы жолдардың 71%-ы ғана талапқа сай: шағымдардың 58%-ы жергілікті жолдарға қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы талаптарға сәйкес келеді. Елді мекендердің көшелері бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте айтылды.

Қазақстандағы жолдардың 71%-ы ғана талапқа сай: шағымдардың 58%-ы жергілікті жолдарға қатысты
Фото: ШҚО әкімдігі

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол инфрақұрылымының жай-күйі және сапаны одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Министрліктің мәліметінше, елді мекендердің көшелері бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды. Бұл ретте жол желісінің жай-күйі бойынша келіп түскен өтініштердің шамамен 58%-ы жергілікті жолдарға, оның ішінде 47%-ы елді мекендердің көшелеріне тиесілі.

Құрылыс сапасын одан әрі арттыру және автожол саласын дамыту мақсатында пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылып, битумды қолдану тәсілдері қайта қаралды, құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау енгізілді, мердігерлердің жауапкершілігі арттырылды. Сондай-ақ жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын жұмсау үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту жоспарланған.

Мемлекет басшысы қалаішілік жолдарға, сондай-ақ ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырды. Көлік министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, қалааралық және республикалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету, халықтың шағымдарына жедел ден қойып, жобалардың тоқтап қалуына және олардың іске қосу мерзімдерін бұзуға жол бермеу тапсырылды.

Жоғарыда аталған тапсырмаларды орындау бойынша жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі 40 мың шақырым жол мобильді байланыспен қамтылатынын жаздық.