Қазақстандағы ЖОО-лар негізінен жұмыс берушілердің талаптарына сай келеді – Джейсон Ньюман

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 Пре-саммиті өтті. 

Қазақстанның жоғары оқу орындары негізінен жұмыс берушілердің талаптарына сай келеді – Джейсон Ньюман
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Іс-шара барысында сөз алған QS халықаралық университеттер рейтингінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман Қазақстанның жоғары білім саласындағы жетістіктеріне баға берді. 

– Қазақстан мен Орталық Азия әлемнің әртүрлі тұстарын біріктіретін көпірге айналды. Бұл көптеген мәдениет мен тілдерді біріктіретін таңғажайып өңір. Осы тұста Қазақстаннның халықаралық студенттер мен оқытушыларды тартудың маңыздылығын түсінетіні қуантады. Қазақстан өңірдегі білім саласының лидері және жоғары білім саласына қатысты QS рейтингінде алдыңғы орындардың бірінде. Бүгін біз Қазақстанның 21 университетін марапаттаймыз. Бұл мемлекеттің білім саласындағы прогрессін көрсетеді, - деді ол. 

Қазақстан
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Сонымен қатар шетелдік мейман Quacquarelli Symonds рейтингінің зерттеуіне сүйене отырып, қазақстандық жоғары оқу орындары қандай бағытты дамытуды қажет ететінін атап өтті.

– Қазақстанның жоғары оқу орындары негізінен жұмыс берушілердің талаптарына сай келеді. Бірақ дамытуды қажет ететін тұстары да бар. Жұмыс берушілерден алынған сауалнама негізінде жасалатын QS дүниежүзілік индексіне сәйкес этика және әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне мән беру қажет, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Пре-саммит барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Қазақстандағы халықаралық жоғары оқу орындары туралы пікірін ұсынғанбыз.

Соңғы жаңалықтар