Қазақстандағы 620 мың 442 студенттің 319 940-ы мемлекеттік тілде білім алуда - Статистика

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасында 2010/2011 оқу жылының басына 149 жоғары оқу орны (бұдан әрі - ЖОО) жұмыс істеді, ондағы студенттердің жалпы саны 620 442 адам. ЖОО-ның жалпы санынан 53-і мемлекеттік болып табылады, оларда 310 092 адам немесе жалпы студенттер санының 49,9 пайызы оқиды. Студенттердің жалпы санынан қыздар 58,2 пайызды, жігіттер 41,8 пайызды құрайды.

Қазақстандағы 620 мың 442 студенттің 319 940-ы мемлекеттік тілде білім алуда - Статистика

Мемлекеттік білім гранттарының есебінен 130 671 адам, немесе студенттердің жалпы санының 21,1 пайызы , мемлекеттік білім тапсырысының есебінен 9 862 адам немесе 1,6 пайызы, ақылы негізде 479 909 адам немесе 77,3 пайызы білім алады.

Студенттердің жалпы санынан 329 408 адам немесе 53,1 пайызы оқытудың күндізгі түрі бойынша оқиды, 285 311 адам немесе 46 пайызы - сырттай, 5 723 немесе 0,9 пайызы кешкі түрі бойынша оқиды.

Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің саны 319 940 адамды құрады. ЖОО-да оқыту қазақ тілінде оқытумен қатар орыс, ағылшын, араб және неміс тілдерінде жүргізіледі.

2010/2011 оқу жылының басына республиканың ЖОО-да 85-тен астам ұлт өкілдері оқыды. Оқитын қазақтардың үлес салмағы - 75,9 пайыз, орыстардың саны- 16,5 пайыз, өзбектер, украиндар, татарлардың саны 0,9-1,4 пайыз шегінде, өзге ұлттар - 4,2 пайызды құрады.

Қаралып отырған оқу жылында оқытуға және дайындауға 201 557 студент қабылданды, бұл 2009/2010 оқу жылына қарағанда 19 952 адамға немесе 9,9 пайызға көп.

Күнтізбелік жылы бітіріп шыққан білікті мамандар 161 964 адамды құрады.

Бакалаврлардың саны 592 672 адамды, жоғары арнайы білім алып жатқандардың саны 27 284 адамды құрайды.

Республиканың ЖОО-да оқитын студенттердің жалпы санында едәуір үлес салмақ мына мамандықтарға: әлеуметтік ғылымдар және бизнес - 13,8 пайызда, педагогикалық мамандықтар мен техникалық ғылымдар және технологиялар - 10,2 пайыздан келеді.

Жоғары оқу орындарының штатында 39 6000 оқытушы бар, қосымша қызмет бойынша 6176 оқытушы жұмыс істейді. Профессор-оқытушы қызметкерлерден 8 пайызының ғылым докторы, 35,8 пайызының - ғылым кандидаты, 5,7 пайызының - профессор және 16,7 пайызының - доцент ғылыми дәрежесі бар. Магистрдің академиялық дәрежесі бар оқытушылардың саны -14,1 пайыз, философия докторы (PhD) - 0,9 пайыз.

Барлық ғимараттардың жалпы алаңы - 5 328 478 шаршы метрді, оқу-зертханалық ғимараттардың жалпы алаңы - 2 848 681 шаршы метрді құрайды.