Қазақстандағы 9 театр бас режиссерсіз жұмыс істеуде - Мәдениет министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан театрларында режиссер жетіспейді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

Қазақстандағы 9 театр бас режиссерсіз жұмыс істеуде  -  Мәдениет министрі

Театрлардағы кадр, әсіресе оның бастысы режиссер мамандығының жетіспеушілігі болып отырғандығын баса айтқан министр: «Құрметті Серік Нығметұлы! Бүгінде 9 бірдей өңірлік театрымыз бас режиссерсіз жұмыс істеуде. Селектор болғаннан кейін айта кетейін, олардың ішінде Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Солтүстік қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан өңірлері бар»,- деді.

Оның айтуынша, өңірлерге барып жұмыс істеуге дайын режиссер жоқ емес, бар. Бірақ оларға жағдай жасау қажет. Яғни, облысқа жаңа келген режиссерға баспана, лайықты жалақы, облыс басшылығы тарапынан қолдау, ынта-ықылас керек.

«Режиссердің тағдыры осындай болса, театрға келетін жас актерлердің жағдайы қалай болмақ? Осыдан келіп тағы бір проблема - облыстық театрларды жаңа буын актерлері жас әртістермен толықтыру мәселесі туындайды», - деді ол.