Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік мәселесі көңіл көншітерлік емес - ҚР ИЖТМ Комитет төрағасының орынбасары
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазіргі кездегі ақпараттық қауіпсіздік жағдайы көңіл көншітерлік емес. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздікті дамыту» тақырыбында өткен 2-ші халықаралық конференцияда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов айтты.
«Ұлттық ақпараттық кеңістігіміздің ашықтығы және шетелдік БАҚ, соның ішінде интернет-ресурстар, теледидар және баспа өнімдерінің танымалдығының кесірінен халқымыздың санасына теріс ақпараттық ықпалдың қаупі туындап отыр», - деп атап өтті Ғ. Дұғалов.
Оның пікірінше, ҚР-да ақпараттық қауіпсіздіктің қажетті деңгейіне қол жеткізу үшін мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін күшейту, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта қалыптастыру және отандық ақпараттық кеңістікті дамыту қажет. Қазақстанда жаһандық ақпараттық кеңістік құруға зор көңіл бөлінуде. Қазірде 2016 жылға дейінгі ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданған. Ол құқықтық, ұйымдастырушылық және әртүрлі техникалық шараларды қолдана отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Барлығымыз жақсы білеміз, ақпараттық қауіпсіздік ең бірінші орында тұруы тиіс», - деп атап өтті Ғ. Дұғалов.