Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол көкпардың көрермендерін қазақ тілінде құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джордж Крол Астанадағы «Қазанат» атшабарында өткен көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанатында жиналған көрермендерді қазақ тілінде құттықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Құрметті ханымдар мен мырзалар! Маған алдымен көкпардан тұңғыш әлем чемпионатының өтуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Америка Құрама Штаттары осы жарысқа қатысқанына өте қуаныштымын. Америка көкпардан бүгін Түркиямен жарысты. Спорт мәдениеттер мен елдерді біріктіретін мүмкіндік. Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері бойынша қауымдастықтың осындай халықаралық чемпионат ұйымдастырып, оған Америка Құрама Штаттарын шақырып отырғанына, ковбойларды аса құрметпен қарсы алғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Ковбойлар қазақтың нағыз батыр майталмандарынан тәлім алды. Көкпардың бай тарихына төрлей білді. Бүгінгі кеште америкалық әнші Айзи Кейн алдарыңызда өнер көрсетеді. Көп рахмет! Сау болыңыздар!» - деді Джордж Крол.
Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы «Қазанат» атшабарында көкпардан әлем чемпионаты басталды. Жарысқа 11 команда қатысып жатыр. Қазақстан чемпионаттың бірінші күнінде Ауғанстан көкпаршыларынан 9:2 есебімен басым түсті.