Қазақстандағы ақылы жоғары оқу орындарының бағасы өсіп бара жатыр деген сөз жалған - Білім және ғылым министрі

деді бүгін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Парламент Сенатының жалпы отырысында.
Министрлік осыған дейін жоғарғы оқу орындарының басшыларына бағаны көтермеу жөнінде талап қойған. «Содан бері оқу ақысын республикадағы бірде-бір оқу орны көтермеген. Бірақ балаларды оқыту керек, ол үшін қаржы қажет. Бүгін біз талқылап отырған заң жобасында ақылы білім беретін орындарда баға гранттың бағасынан төмен болмауы керек деген талап бар. Ал қазір гранттың бағасы 500 мың болса, ақылы білім алатындар жылына 200-250 мың, кейбіреулері 100 мың тіпті 50 мың төлеп оқитындары да бар. Ал 50 мыңға қандай білім беруге болады»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, арзан баға оқудың сапасын төмендетеді. Сондықтан біз кейбір оқу орындарына бағаны бірден көтерместен бірте-бірте сапалы білім беретіндей деңгейге жеткізу жөнінде тапсырма бердік. «Егер күшке салып, бағаны көтеруге болмайды деп отыратын болсақ, бізге барлық ақылы оқу орындарын жабу қажет болады. Өйткені олардың сапалы білім беруге жағдайлары жоқ»,-деді Б.Жұмағұлов.