Қазақстандағы ақылы жолдар 100 млн. теңге табыс әкелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ең алғашқы «Астана - Шортанды» бағытындағы ақылы автокөлік жолы 2014 жылы мемлекет бюджетіне 1 млн. 258 мың 200 теңге түсім әкелді. Ал, бір жылда аталған жол учаскесін күтіп ұстауға, ақылы жүйенің жұмысына және диспетчерлер мен операторлардың еңбекақысына 1 157,3 млн. теңге жұмсалған. Соның нәтижесінде ақылы жолдан түскен 100,9 млн. теңге жолдың 7-ші жолағын дамытуға жұмсалған. Бұл жолақта автокөліктерден ақы алатын жабдықтар, метеорологиялық құрылғылар, жылы дәретханалар орналасады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалдауды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, осылайша ақылы жолды енгізудің алғашқы тәжірибесі тас жолды күтіп ұстауға қажетті шығындарды жолдың өзі өтей алатынын көрсетті. Бұл тәсіл бір жағынан автожолдарды пайдаланушылардың қажеттіліктерін толықтай қанағаттандырады, екінші жағынан бюджетке түсетін қаржылай салмақты азайтады. «Қазіргі кезде «Астана - Шортанды» ақылы жол учаскесінде жергілікті жеңіл автокөліктерге жылына 1000 теңге көлемінде абоненттік ақы белгіленген. Оған қоса, осы заң жобасында жекелеген көлік санаттарына жолдан тегін жүріп өту қарастырылып отыр. Ондай санаттарға: арнайы автокөліктер, ақылы жолды басып өтетін бағдарлық автобустар, аудан аумағында қозғалатын автокөлік құралдары жатады»,- деп түсіндірді Ә. Исекешев.
Атап айтарлығы, Қазақстанда 2013 жылы автокөлік саласын реформалау іс-шаралары жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде автокөлік жолдарын басқаратын Ұлттық оператор құрылды. Осы оператордың қызметін жетілдіру мақсатында Бюджет кодексі мен «Автокөлік жолдары туралы» заңға түзету енгізу ұсынылуда. Мұндай түзетулер ұлттық операторға мемлекеттік емес қарыздардың ақшасын тарту үшін, мемлекеттен кепілдік алуға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, Ұлттық операторға автокөлік жолдарын күтіп ұстауға және жол бойындағы сервисті дамытуға, инвестициялар тартуға, ақылы жолдың есебінен инвестордың берген қарызын қайтаруға құзырет беріледі.
Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қытай Халық Республикасының ЭксИмБанкінің 2,6 млрд. доллар көлеміндегі мемлекеттік емес қарыз ақшасына Қазақстандағы жалпы ұзындығы 1963 шақырым автокөлік жолдарын жөндеуден өткізу ұсынылуда. Атап айтқанда, бұл «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» жол учаскесінің 767 шақырымы, «Қалбатау - Майқапшағай» бағытындағы 404 шақырым жол, «Мерке - Бурабайтал - Ақсүйек» бағытындағы 328 шақырым, «Үшарал - Достық» бағдарының 184 шақырымы және «Алматы - Шолпан-Ата» арасындағы 280 шақырым жол. Шетелдік банк ұсынған шарт бойынша, негізгі қарыз 20 жылдың ішінде толық қайтарылады. Соның ішінде қарыз ақша ақылы автокөлік жолдарынан түскен түсімнің есебінен жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен төленеді.