Қазақстандағы алғашқы сафари-парк Қарағанды облысында салынбақ
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында өңір аумағында салынатын сафари-парктің орман баламасының эскиздік жобасы бекітіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінгі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті парктің эскиздік жобасын бекітті. Бір еркек, бес ұрғашы марал және бір еркек, тоғыз ұрғашы қабан өсіру жоспарда бар. Ол жерде жемді сақтайтын қойма, қонақтар жататын бір шағын үй, қорықшының үйі, шөп салатын оттық, шолу мұнарасы болады. Жобасы әдемі. Бұл парк табиғатты және жан-жануарды сүйетін әрбір жанға ұнайтынына сенімдіміз", - дейді "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Мария Редько.
Оның айтуынша, паркте туристер еліктерді, арқарларды, киіктерді, бизондарды, сарлықтарды, маралдарды, сұр тырналарды, сарышұнақтарды, суырлар мен құрларды, тіпті Қызыл кітапқа енген басқада жануарлар мен құстарды тамашалай алады. Ұлттық паркте аң аулауға тыйым салынады.
"Сафари-парктің далалық баламасын салу үшін жеке меншік кәсіпорындар арасында тендер ойнатылды, нәтижесінде теміртаулық жер пайдаланушы 200 гектар жерді 49 жылға ұзақ мерзімді пайдалануға алды", - деді Мария Редько.
Жуырда жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді. Нысанның құрылысына бірнеше жыл қажет.
Парк аумағында аңдар қамалатын вольерлар, қорықшылардың үйшіктері, күркелер бой көтереді. Бұдан тыс, жалпы көпшілік әрі мүмкіндігі шектеулі жандар пайдаланатын туристік жолдар төселмек. Орман бағына кіру ақылы болады.
Қазіргі кезде іске асырылып жатқан кешенді шаралардың арқасында, жойылып кету қаупі төніп тұрған жабайы аңдардың көбеюіне жағдай жасалады.