«Қазақстандағы ашаршылық: Мұны АҚШ «геноцид» деп қарастыруы мүмкін» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстандағы ашаршылық: Мұны АҚШ «геноцид» деп қарастыруы мүмкін» - республикалық басылымдарға шолу

***

Елордамызда осымен төртінші рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне әлемнің 40 елінен дінбасылар мен белгілі тұлғалар келіп қатысты. Солардың қатарында «Өмір сүру өнері» ұйымының негізін қалаған, екі рет Нобель сыйлығының номинанты болған, әлемдік қоғамдастық тарапынан гуманитарлық көшбасшы деп танылған Шри Шри Рави Шанкар (Үндістан) болды. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында мәртебелі мейманның арнайы Съезд жайында, еліміз туралы берген сұхбатын «Басты бағытымыз - адамзаттық құндылықтар» тақырыбында жарияланып отыр.

Осы басылымның жазуынша, Грекиядағы саяси және экономикалық проблемалардың асқынуы тек еуропалықтарды ғана емес, қазіргі күні бүкіл әлемді толғандыра бастады. Ендігі кезекте мәселеге мұхиттың арғы жағындағы Американың да неғұрлым белсендірек араласпақ ниеті бар екені сезіліп қалды. Барак Обама әкімшілігі өткен сәрсенбіде Еуропаға АҚШ қаржы министрінің халықаралық істер жөніндегі орынбасары Лайл Брейнардты аттандырды. Бірқатар ақпарат құралдарының жазуынша, оған Грекия, Испания, Франция және Германия елдерінің басшыларын дағдарысты еңсеру жөніндегі іс-әрекетті одан әрі белсенді етуге үгіттеу міндеті жүктелген. Атап айтқанда, әлемнің бас ауруына айналған бұл мәселе жайында «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Грек бопсасы» атты мақалада берілген.

***

«Батыс Қазақ елі бастан кешкен ашаршылықты тереңірек зерттей түсетін болды. Тіпті Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін! Елодадағы Тәуелсіздік сарайында екі күн бойы өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» атты халықаралық жиында АҚШ-тан келген ғалым Сара Камерон осындай мәлімдеме жасады», деп жазады «Айқын» басылымы. Рас, бұдан бұрындары да, бірқатар батыстық ғалымдар мен зерттеушілер, тіпті Кеңес тұсында бұл тақырыпқа түрен салған. Ал қазір солардың еңбектері көтеріліп жатқан көрінеді. Мәселе басылымның бүгінгі санындағы «Қазақстандағы ашаршылық: Мұны АҚШ «геноцид» деп қарастыруы мүмкін» атты мақалада егжейлі-тегжейлі жазылған.

Сондай-ақ «Айқын» бүгінгі санында «Бүгін - аза тұту күні» атты тақырыппен Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты МӘЛІМДЕМЕСІН жариялап отыр. «Алматы облысы «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адам қаза болған  қайғылы оқиға қазақстандықтардың ешқайсысын да бейжай қалдырмады. Менің тапсырмаммен қазіргі кезде тергеу жүргізілуде. Оқиға орнында  арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мамандар мен комиссия өз қорытындысын жасайтын болады. Біз оқиғаның мән-жайын анықтаймыз, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды табамыз. Сөйтіп бұл трагедияға айыптылар тиісті жазасын тартатын болады. Шекарашылар елдің шебін қорғау кезінде, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау қызметінде тұрғанда қаза болды. Олар Қазақстанның бейбітшілігі мен болашағы жолында қыршынынан қиылды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет бұл күндері қаза тапқандардың отбасыларына барынша қолдау көрсетіп, қажетті көмектің бәрін жасауда. Бұл трагедия қаза тапқандардың отбасылары мен ағайын-туғандарын ғана емес, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отыр. Сондықтан бір күндік ұлттық қаралы күн жариялаймын»,-делінген бұл мәлімдемеде.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Дәрінің бағасынан бас айналып, көз қарауытады» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, қай-қайсымыз болмайық, ауыра қалсақ, алдымен дәрігерге, сонан соң дәріханаға бет аламыз. Мақсатымыз-тезірек аурудан айығу. Алайда сол дәрілердің қайсысы нақты ем боларын ажырату қиын. Өйткені бүгінгі күнде дәрінің түрі көп. Ал дәрігердің бірі мына дәріні ішіңіз десе, екіншісі оның орнын алмастыратын басқа біреуін ішуге болатынын айтады. Онымен қоса, кей дәрігерлер нақты қай дәріні қай дәріханадан алу керек екенін де нұқсайтын көрінеді.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында 7 маусымда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келетінін жазып отыр.

Сапар аясында Ресей Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізіп, оның барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығындағы ахуалы мен әлеуетін талқыға салмақ. Сонымен қатар, халықаралық күнтәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасады. Мемлекет басшылары аймақтық ықпалдастықтың бірлестіктері ТМД, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кеден одағы, БЭК, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастықтың мәселелерін қарастырады. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою көзделген.