Қазақстандағы азық-түлік бағалары туралы мониторинг жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазагромаркетинг» АҚ 2014 жылдың 30 желтоқсаны мен 2015 жылғы 6 қаңтар аралығында аймақтардағы негізгі азық-түлік өнімдері бағаларының мониторингін ұсынды.
Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, қарастырылып отырған кезеңде елдің барлық аймақтарында сүт және ет өнімдерінің бағалары айтарлықтай (10 пайыздан көп) өзгерістерге ұшыраған жоқ.
Бакалея өнімдерінің тізбегінде Астана қаласында бірінші сұрыпты бидай ұнының бағасы 15 пайызға - бір келі үшін 119 теңгеден 101 теңгеге дейін төмендеген. Бұған орташа көтерме сауда бағасының 9 пайызға, бір келі үшін 82 теңгеден 75 теңгеге дейін төмендеуі себеп болған. Оралда қара бидай наны 13 пайызға, 100 теңгеден 113 теңгеге дейін қымбаттаған. Бағаның өсуіне өндірушілердің босату (көтерме сауда бағасы) бағасын 9 пайызға - бір келі үшін 96 теңгеден 105 теңгеге дейін өсіргені себеп болды. Алматыда алма 12 пайызға, алмұрт 14 пайызға төмендеген. Бұл нарықта бұл өнімдердің көп болуы және алма жеткізушілерінің көтерме сауда бағасын 3 пайызға, алмұрт жеткізушілерінің тауарды 4 пайызға төмендеткенімен байланысты. Қызылордада қызанақ 13 пайызға, Қарағандыда 12 пайызға, Астанада - 11 пайызға және Оралда 11 пайызға қымбаттаған. Бағалардың өсуі жеткізу көлемінің қысқартылуы және өнімді жеткізушілердің көтерме сауда бағасын Қызылордада 14 пайызға (бір келі үшін 350 теңгеден 400 теңгеге дейін), Қарағандыда 13 пайызға (бір келі үшін 350 теңгеден 395 теңгеге дейін), Астанада 7 пайызға (бір келі үшін 600 теңгеден 640 теңгеге дейін), Оралда - 11 пайызға (бір келі үшін 335 теңгеден 373 теңгеге дейін) көтергеніне байланысты. Шымкентте қияр 14 пайызға арзандаған. Оған жеткізушілердің көтерме бағасын 4 пайызға (бір келі үшін 280 теңгеден 270 теңгеге дейін) төмендетуі мен нарыққа қиярды жеткізу көлемін көбейту себеп болған. Қарағанды мен Өскеменде керісінше баға көтерілген. Мысалы, Қарағандыда қияр бағасы 12 пайызға (бір келі үшін 399 теңгеден 446 теңгеге дейін), Өскеменде 11 пайызға (бір келі үшін 573 теңгеден 636 теңгеге дейін) өскен.
Бір аптаның ішінде Астанада жүзім бағасы 92 пайызға, Оралда - 19 пайызға өсті. Оған нарыққа одан да қымбат импорт өнімінің жеткізілуі себеп болған. Бір аптаның ішінде жүзімнің көтерме сауда бағасы 64 пайызға (бір келісі үшін 468 теңгеден 768 теңгеге дейін), ал Оралда 19 пайызға (457 теңгеден 543 теңгеге дейін) өскен. Бұрыштың бағасы Қарағандыда 14 пайызға көтерілген, оған жеткізу көлемін азайту және көтерме сауда бағасын 7 пайызға көбейту (бір келісі үшін 450 теңгеден 480 теңгеге де йін) себеп болды. Естеріңізге сала кетейік, компания баға мониторингін 2003 жылдан бері жасап келеді. 2008 жылдан бастап, мониторинг ҚР Индустрия және сауда министрлігі және ҚР Ауыл шарауашылығы миинстрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген «Облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларындағы азық-түлік тауарлары мен ЖЖМ негізгі түрлері бағаларының мониторингін жүргізу әдістемесі» негізінде жасалады. Аталған әдістеме ҚР Статистика агенттігімен келісілген.