Қазақстандағы бағалау қызметі халықаралық талаптарға сай болады - Н. Әбдіров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы бағалау қызметі халықаралық талаптарға сай болады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Нұрлан Әбдіров осылай мәлім етті. Еске салайық, палата депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Қазақстандағы бағалау қызметі халықаралық талаптарға сай болады - Н. Әбдіров

«Дамыған елдерде бағалау қызметін реттейтін шаралар кеңінен қолданылады. Мәселен, АҚШ-та штат билігі тарапынан бағалау қызметін міндетті лицензиялау жүзеге асырылады. Дегенмен, бұл салада жүргізілген зерттеулерге қарағанда, мемлекеттік реттеудің формасы ретінде бағалаушыларды лицензиялау жылжымайтын мүлік нарығы дағдарыстың алдын алуға дәрменсіз екенін көрсетті. АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс та соның айғағы. Өйткені, кәсіпқой бағалаушылардан емес шенеуніктерден тұратын билік етуші құрылымдарды лицензиялауға қосу біліксіз бағалаушылардың қаптап кетуіне әкеліп соқтырғаны да белгілі. Сонымен қатар, әлемнің көптеген елінде бағалаушы қызметке қатысты мемлекеттік реттеудің жоқтығын да естен шығармауымыз керек», - деді Н. Әбдіров.

Оның сөзіне қарағанда, бағалаушылар қызметіне мемлекеттік реттеуді араластырмау осы саланың дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, депутат жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, бағалаушыларды сертификаттау көзделетінін, жеке тұлғалардың лицензиялауы жойылатынын атап өтті. Бұндағы мақсат - бағалаушының дайындық деңгейі мен кәсіптік білімін, дағдысы мен тәжірибесін анықтау.

«Біздің ойымызша, бағалау қызметіндегі осы өзгерістер мүлікті бағалау саласында оң әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдар тудырады. Аталған салада мемлекеттік органдардың, өзін-өзі реттеуші органдардың, бағалаушы ұйымдардың өзара әрекеттесу мәселесін реттейді. Осылайша, еліміздегі бағалау қызметі халықаралық талаптарға сай болады», - деді Н. Әбдіров.