Қазақстандағы балалар құқықтарын сақтау саласындағы жағдай қанағаттанарлық

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАпарат /Арман Асқаров/ - Жалпы, Қазақстандағы балалар құқықтарын сақтау саласындағы жағдайды қанағаттанарлық деп бағалауға болады.

Қазақстандағы балалар құқықтарын сақтау саласындағы жағдай қанағаттанарлық

Бүгін журналистерге сұхбат берген Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі Николай Калюжный осылай айтты.

Оның хабарлауынша, «Сандж» атты зерттеу орталығы өткізген жұмыстың нәтижесі еліміздегі кейбір мемлекеттік мекемелерде балалар құқықтарын бұзу оқиғаларының орын алатындығын көрсетті. Атап айтқанда, зерттеуге қатысқан 9-8 жасар 1 мыңға жуық балалардың 50 пайызы мазақтап-басыну, намысқа тию, психологиялық және физиологиялық зорлыққа тап болғандығын жеткізді. Балалар арасындағы жарақат салу көрсеткіші 13-14 пайыз болса, мекеме қызметкерлері тарапынан қол жұмсау фактілерінің саны 35-41 пайызды құрап отыр. Жалпы, сауалнамаға қатысқан балалардың 89 пайызға жуығы мемлекеттік мекемелерді қауіпсіз жерлер ретінде қарастырады. Олардың тек 6-14 пайызы ғана өз құрдастары мен мекеме қызметкерлерінен қорқады екен.

Осы орайда өз пікірін білдірген Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі Николай Калюжный еліміздегі балалар құқықтарын сақтау саласындағы жағдайды қанағаттанарлық деп бағалады. «Меніңше, бүгінгі таңда Қазақстанда балалар құқықтарын сақтау саласындағы қажетті заңнама және тиісті мекемелер бар. Біз балалар құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық конвенцияларға қосылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы комитетіне үнемі есеп беріп отырамыз. Сондықтан еліміздегі балалар құқықтарын сақтау саласындағы жағдайды қанағаттанарлық деп бағалауға болады», - дейді Н.Калюжный.