Қазақстандағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Неймар және Тияго Силвамен кездеседі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балалар үйінің жеткіншектері «Пари Сен-Жермен» футбол клубының әйгілі ойыншыларымен кездесетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның 13 облысының балалар үйіндегі тәрбиеленушілерінен құралған 21 команда бір ай бойы футбол бойынша «Арманға бағыт» ұлттық турнирінде ел чемпионы атағына таласатын болады. Жеңімпаздардың басты жүлдесі - Францияға сапар.
«Әлемдегі ең үздік клубтарды барып көру мүмкіндігі ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар бүкіл еліміздің өңірлерінде балалар-жасөспірімдер футболын дамыту бағытында үлкен ынталандыру болары сөзсіз. Ал балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін бұл - нағыз арман. «Арманға бағыт» жобасы басталған алты жылдың ішінде 11-14 жасқа дейінгі шамамен 2 мың жас бала футболға ден қойды. 56 жас жеткіншектің арманы орындалып, Еуропадағы ең үздік клубтардың қатарындағы «Милан», «Челси», «Барселона», «Атлетико Мадрид», «Бавариядағы» Месси, Робен, Хави, Роналдо және өзге де әлемдік футболдың легионерлерімен, бір сөзбен кумирлерімен кездесуге мүмкіндік алды. Ендігі кезекте бүгін біз тағы Қазақстанның жүздеген баласының арманына жол салып, Франция астанасындағы «Парк де Пренс» стадионында «Пари Сен-Жермен» клубының ойыншылары Неймар, Тияго Силва және өзге де футболшылармен кездесу мүмкіндігін ашып беріп отырмыз», - дейді «Бауыржан» спорттық жобалар Қорының басшысы Айнұр Сәлімбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Арманға бағыт» футбол жобасының алпысқа тарта қатысушылары Қазақстанның кәсіби футбол клубтарында жаттығып, ойнауда.
«Өткен жылы Павлодар облысында өткен іріктеу турнирінде біздің турнирге қатысушылардың бірі Влад Козаренкоға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі қазақстандық футболдың аңызы атанған Виктор Яришевтің көзі түсіп, оны шолуға шақырды. Қазір Влад Павлодар қаласындағы футбол академиясында жаттығады. Өткен жылғы турнирдің чемпиондары - «Таңшолпан» балалар үйінің төрт тәрбиеленушісі қазір «Шахтер» клубының академиясында ойнайды. Біз балалардың спортпен шұғылданып жатқанына қуаныштымыз», - деді Айнұр Сәлімбаева.
«Арманға бағыт» футбол чемпионатының алғашқы іріктеу кезеңдері Алматы қаласында өткізілген.