Қазақстандағы балет өнері әлемдік деңгейге көтерілді деп айта аламын - РФ Мемлекеттік сыйлығын алған тұңғыш қазақ Н.Қанетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір әлемде ұлттық билерден гөрі, классикалық би өнері айрықша дамыған. Балет өнеріндегі би­шілер әлем сахналарына шығып, би өнеріндегі қабілетін таныту арқылы әлем жұртын таңқал­дыруда. Сондай талант­тардың бірі - Ресей Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, Татарстан Республикасының, Ресей Фе­дерациясының еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Нұрлан Қанетов. Жақында Қазан қаласында болған сапарымызда осындағы Мұса Жәлел атындағы Татарстан Мемлекеттік опера және балет театрында жұмыс істейтін жерлесімізге арнайы жолығып, әңгімеге тартқан едік, деп жазады «Алматы ақшамы» газеті.
None
None

Аталған сұхбатты ықшамдап оқырман назарына ұсынамыз.

- Нұрлан, жақында ғана Ресейдің еңбек сіңірген әртісі атағын алыпсың. Соған құтты болсын айта келдік.

- Аға, шын пейіліңізге рахмет! Қырық жасқа толуыма байланысты Татарстан үкіметі мен өнер ұжымы шығармашылық кешімді өткізіп берді. Осы кеште Ресейдің еңбек сіңірген әртісі атағымен марапаттады. Мен жан-тәніммен қазақпын, осы кешке ең болмағанда жергілікті қазақ мәдениет орталығынан немесе Қазақстанның Татар­стан Республикасындағы Бас консул­дығынан бір адамның қатыспауы жаныма батты.

- Нұрлан, сенің Татарстанға неліктен кетіп қалғаныңды тәптіштеп сұрағымыз келмейді. Алайда, елден жырақта өткізген жылдарда іздегеніңді таба алдың ба?

- Қазақстаннан кеткеніме биыл 19 жылдан асып барады. 1993 жылы Алматы хореогра­фиялық училищесінен кейін 3 жыл Абай атындағы опера және балет театрын­да қызмет еттім. 1996 жылы Қазан театрын­да қызмет ететін атақты биші Бақытжан Смағұлов өзі қызмет істеп жүрген театрына шақырды. Содан бері осындамын. Өзге елге үйренісу қиын болған жоқ. Құдайға шүкір, жағдайым жақсы, материалдық жағ­дайым жаман емес, өнер адамына лайық сый-құрмет те бір басымда жеткілікті.

- Қазақстандағы әріптестеріңіз туралы не айтасыз?

- Қазір Қазақстандағы балет өнері әлемдік деңгейге көтерілді деп айта аламын. Жас бишілер өздерінің деңгейлерінің қаншалықты жоғары екендіктерін өздері білмейді. Сондықтан, олар шет елдерге гастрольдік сапарға шығып, байқауларға қатысулары керек. Ол үшін классикалық өнерді түсінетін, білім-білігі жоғары меце­наттар көбеюі қажет.

- Туған елге барып тұратын боларсың?

- Мен әлемді көп аралаймын. Жүрген жерімде жергілікті халықтың болмысына үңілемін. Оларды өзімнің туған халқыммен салыстырамын. Қазақ халқы - өте дарынды халық. Ал дарынды халықтың генетикалық фоны өте таза болып келеді. Олардың бойында антропологиялық деңгейде рух мәдениеті, ар-намыс ұғымы, елін сүю қасиеті басым болып келеді.

Мен Батыс Қазақстан облысында дү­ниеге келдім. «Туған жер - әркімнің мысыр шаһары» дейді ғой. Жылына туған елге 2 рет барып тұрамын. Бауырларым келіп тұрады.

Әңгімелескен - Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ, Қазан қаласы.

Соңғы жаңалықтар