Қазақстандағы барлық гидротехникалық құрылыстар қауіпсіздігі декларацияланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы барлық гидротехникалық құрылыстар қауіпсіздігі декларацияланатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР АШМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз мәлім етті.

Қазақстандағы барлық гидротехникалық құрылыстар қауіпсіздігі декларацияланады

Азаматтық қорғаныс жөніндегі жаңа заң жобасы 2015 жылдың қаңтарынан іске қосылатын болады. Қазірдің өзінде ол заң қабылданған. Аталған заңда гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы біз енгізген ереже бар. Онда адам өміріне қауіп төндіретін барлық гидротехникалық құрылыстар меншік нысанына қарамастан декларацияланатындығы анық көрсетілген», - деді Б.Бекнияз.

Оның сөзіне қарағанда, нысан мемлекеттік меншікте болса, онда оны министрлікке қарасты кәсіпорын, коммуналдық меншікте болса, жергілікті әкімдік декларациялайды. Ал жекеменшік қолындағы нысандардың декларациясы Су ресурстары комитетіне табыс етіледі. Осыдан кейін комитет аккредиттелген мамандандырылған ұйымды тағайындайды. Аталған ұйым декларацияның бөгет қауіпсіздігі жай-күйіне сәйкестігін тексеретін болады.

«Біз Қазақстандағы барлық тірек құрылыстарды қамтитын боламыз және алдағы уақытта олардың жай-күйі қандай екендігін, қандай шаралар жүзеге асыру керектігін білеміз», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол декларация бөгет иесінің немесе пайдаланушы ұйымның есебінен жүргізілетіндігін атап өтті. Ал кәсіпорынды аккредиттеу Су ресурстары комитеті арқылы жүзеге асырылады.