Қазақстандағы барлық ірі бөгеттер бақылаудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы барлық ірі бөгеттер бақылаудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталады. Бұл туралы бүгін ҚР АШМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз мәлім етті.

Қазақстандағы барлық ірі бөгеттер бақылаудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталады

«Қазақстанда шамамен 400 бөгет бар. Оның ішінде 200-ге жуығы - орташа немесе ірі бөгет. Біз іс жүзінде олардың барлығын бақылауда ұстап тұрмыз. Мемлекет бақылауындағы бірде-бір бөгетті су бұзып кеткен жоқ не болмаса төтенше жағдай орын алмады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын аталған бөгеттерге ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінуде, күзет қызметі жұмыс істейді.

«Дегенмен, олардың барлығы да осыдан 30-50 жыл бұрын салынған әрі түбегейлі жаңғыртуды қажетсінеді. Қазір біз автоматтандырылған жүйе енгізудеміз. Алдағы уақытта бөгеттердің жай-күйін бақылаудың және бөгеттің төмен жағында қоныстанған халықты құлақтандырудың заманауи автоматтандырылған жүйесін енгізбекпіз», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Б. Бекнияздың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Ол 2016 жылдан бастап қоланысқа енгізілетін болады. Ал жекеменшік қолында бөгеттер меншік иесінің қаржысы есебінен жүргізіледі әрі ол жұмыстар қатаң мемлекет бақылауына алынады.